«Баланы тастап, кетіп қалды»: Павлодар облысында көкек ана жауапқа тартылды
Павлодар облысында 1,5 жасар баласын тастап кеткен көкек ана жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кәмелетке толмағандар жасаған және оларға қатысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында Павлодар облысы Баянауыл ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері білім бөлімімен бірлесіп есепте тұрған адамдарды тұрақты бақылауды жүзеге асырады, сондай-ақ қолайсыз отбасыларға барады, әсіресе түнгі уақытта рейдтік іс-шаралар жүргізеді.
– Мысалы, бірнеше күн бұрын бізге Лекер ауылының тұрғыны жүгінді. Оның айтуынша, келіні оған және оның жұбайына бір жарым жасар баласын тастап, өзі кетіп қалған. Баланың анасы 3 ай болмады. Полицейлер ананың орналасқан жерін анықтады. Анықталғандай, әйел басқа ауылға кеткен, онда ол басқа ер адаммен бірге тұрып жатыпты, – дейді Павлодар облысы Баянауыл ауданының полиция бөлімі бастығы Талғат Садықов.
Ол сондай-ақ полицейлер баланың анасын анықтап, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал қозғағанын атап өтті. Сонымен қатар, қорғаншылық және қамқоршылық органы да осы мәселемен айналысады, өйткені әжесі немересін анасымен қалдырудан қорқып, қамқоршылықты рәсімдегісі келеді.
Сонымен қатар, полиция Баянауыл ауданында жыл басынан бері балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін 6 заңды өкіл жазаланғанын, ал кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болғаны үшін 58 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.