Балқаш ауданында заңсыз аңшылық жасағандар жауапқа тартылды
Балқаш ауданында заңсыз аңшылық жасаған тұрғынға екі әкімшілік іс қозғалып, айыппұлдар салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Балқаш ауданының тұрғыны заңсыз аңшылық жасап жүрген кезде ұсталған. Табиғат қорғау полицейлері әкімшілік аумақты аралау кезінде 30 жастағы жігіттің қырғауылдарды еш рұқсатсыз атып жүргенін әшкерелеп, қылмыс үстінде қолға түсірген.
– Рейд барысында Балқаш ауданы Аралтөбе ауылының маңында Ақжар ауылы тұрғынының ішкі істер органдарында тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтықпен аңшылық жасағаны анықталды. Оқиға орнында браконьер атып алған бірнеше құс пен қос ұңғылы мылтық тәркіленді. Дерек бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 382-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды. Жергілікті тұрғынның мемлекетке келтірген материалдық шығыны есептелуде, – деді Балқаш АПБ бастығының міндетін атқарушы Дәурен Құтпанов.
Сонымен қатар, осы іс аясында полицейлер бірқатар сараптамалар тағайындаған. Оның бірі – табылған қаруды тексеру үшін жүргізілетін баллистикалық сараптама.
– Құжатсыз және тіркеусіз мылтықты пайдаланғаны үшін тұрғынға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 482-бабы бойынша хаттама толтырылды. Сондай-ақ, баллистикалық сараптама арқылы біз қарудың шығу және пайдалану тарихын, қандай да бір қылмыстарға қатысы барын тексереміз. Тергеу аяқталған соң бұл қару жойылуға жіберіледі, – деп толықтырды Дәурен Құтпанов.