Балқаш ауданының полицейлері көпбалалы отбасыға көмек көрсетті
Балқаш ауданының полицейлері көпбалалы отбасыға материалдық көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Балқаш ауданының тәртіп сақшылары аудан орталығы Бақанас ауылында тұратын алты балалы отбасыға санитарлық қорғаныс құралдарымен қатар, азық-түлік пен сол үйдегі үш оқушыға барлық кеңсе тауарларын апарып берді.
– Жеке құраммен келісе отырып, көпбалалы Орманбаевтар отбасына қолдау көрсету туралы шешім қабылданды. Карантин кезіне орай отбасыға медициналық бетперделер мен қолғаптар, азық-түлік, сондай-ақ үйдегі үш оқушыға жаңа оқу жылына арнап барлық кеңсе құралдарын табыстадық. Індеттің жаппай таралуына байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінен бастап біз көпбалалы және көмекке зәру отбасыларға үнемі қолдау көрсетіп келеміз, – деді Балқаш ауданы Полиция бөлімі бастығының м.а. Нұргелді Абиров.
Әлемді шарпыған осы пандемия кезінде қиналған жанға қолдау берген тәртіп сақшыларына көпбалалы отбасы мүшелерінің айтар алғысы шексіз.
– Бүгін аудандық Полиция бөлімінің басшылығы үйімізге келіп, азық-түлік пен мектепке қажетті барлық құрал-жабдықты табыстады. Осындай қиын кезде қолда барымен бөлісу, қолдау беру – нағыз ұлтжандылықтың белгісі деп білемін. Балаларымды қуанышқа бөлеген полицейлердің жұмысына табыс, отбасыларына амандық пен береке тілеймін, – деді Бақанас ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Әйгерім Ғалымқызы.
– Полицейлер санитарлық нормалардың орындалуын талап етіп қана қоймай, тұрғындарды қолдан келгенше бетперделермен қамтамасыз етеді. Жақында тұрғындарға 1500 маска тегін тараттық. Ұлт саулығын қамтамасыз ету үшін пандемия кезінде әр адам әлеуметтік жауапкершілік танытып, санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс, – аудандық Әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Балбек Лепесбаев.