Балқашта мыс кабель ұрлаған күдіктілер ұсталды
Балқашта мыс кабель ұрлаған күдіктілер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сәуір айының басынан бастап Қарағанды облысы Балқаш қалалық полиция бөліміне қаладағы телекоммуникация мекемесінен мыс кабелдерінің ұрлануы бойынша шағымдар түсе бастады.
Негізінен мыс кабелдер көп қабатты үйлердің шатырларынан ұрланған. Бірінші жағдайда шығын көлемі 29 мың болса, кейінгі жәбірленушілер шығынын 30 мыңға бағалаған.
Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
3 сәуір күні криминалдық полиция қызметкерлерімен осы қылмыстарды ашу бойынша жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында 33 жастағы қос азамат ұсталды. Айғақ заттар тәркіленіп, олар мойындау көрсетпе белгілерін берді.
Алдын ала тергеу барысында полиция қызметкерлері ұсталғандардың осыған ұқсас бес қылмысқа қатысы бар екендіктерін анықтады.