Балқашта тұрғынның балығын ұрлап, сатып жіберген ер адам анықталды
Балқашта тұрғынның балығын ұрлап, сатып жіберген ер адам анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
30 қазанда Балқаш қаласының полиция бөліміне 31 жастағы кәсіпкерден арыз түсті. Балық шаруашылығымен айналысқан жәбірленуші белгісіз біреудің жеке тұрғын үйдің ауласына кіріп, балықтарды ұрлап кеткенін айтты. Келтірілген шығын көлемі 60 мың теңгені құрады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
17 қарашада жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті – 32 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол ұрланған балықты басқа кәсіпкерге сатып жібергенін айтып, кінәсін мойындады. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.