Шаһардың бас полицейі Call-орталықта кезекшілік етті
Алматы қаласының бас полицейі Call-орталықта кезекшілікте болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция департаментінің Call-орталығы 19 наурыз күні қаладағы карантинге байланысты құрылды.
«16 наурыздан бастап Ішкі істер министрінің бұйрығымен ішкі істер органдарының барлық құрамы қызметтің күшейтілген нұсқасына ауыстырылды. Бастапқыда «сенім телефонын» құру жоспарланбаған еді. Алайда, қала маңындағы жол тосқауылдарының жұмысы туралы азаматтардың сұрақтарының туындауы мүмкін екенін болжай отырып, байланыс мүмкіндігінше тезірек орнатылды және сол күні полиция қызметкерлері 254-40-07 бірыңғай нөмірін қолдана отырып, халықтың сұраныстарына жауап берді. Полицияның қызметтік модельге ауысуы туралы талап жаңартылды және оны ішкі істер Министрі Ерлан Тұрғымбаев жеке қадағалайды. Халықпен, әсіресе, ел үшін оңай емес уақытта өзара әрекеттесудің бұл түрі қажетті шара мен талап болып табылады. Төтенше жағдайлар мен карантиндік режим аяқталғаннан кейін де біз азаматтармен қарым-қатынас жасау үшін осы алаңды сақтауға мүмкіндік табамыз», – дейді Алматы қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов.
Бүгін ПД-нің басшысы «жедел желіде» кезекшілікте болды. Екі сағат ішінде ол 70-ке жуық адамның сұрақтарына жауап берді.
«Осы тәжірибеден мен келесі талдау жасай аламын: азаматтардың көбісі қала ішіндегі шектеу шараларына қызығушылық танытады, олардың ЖСН немесе автокөлік нөмірінің арнайы мәліметтер базасы арқылы карантин кезінде қалада жүруге рұқсаты бар-жоғын тексеруді, сондай-ақ, туысқандары ауырып немесе қайтыс болған жағдайда қаладан шығу немесе кіру туралы сұрайды. Қоңырау шалушылар білікті көмек немесе кеңестер алады. Айтпақшы, азаматтар материалдық және әлеуметтік қолдау үшін біздің байланыс орталығымызға қоңырау шалып жатыр», – деді Таймерденов.
Анықтама үшін: 2020 жылғы 10 сәуірдегі жағдай бойынша Call-орталықтың телефондарына азаматтардан барлығы 42 мың 583 қоңырау келіп түсті.
Карантин кезіндегі жағдайлар туралы – 18.072
Қаланың периметрі бойынша жол тосқауылдарының жұмысы туралы – 6.415
Қаланың сыртындағы тосқауыл пункттері жайлы – 3.873
Қалада енгізілген шектеу шаралары мәселелері бойынша – 7.017
Жедел штабтың дерекқоры арқылы азаматтардың көлік құралдары мен жеке куәліктерінің ЖСН нөмірін тексеру сұрақтары бойынша – 6.521
Ішкі істер органдарының қызметіне байланысты емес басқа сұрақтар (әлеуметтік және медициналық қолдау, қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру, кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі және т.б.) – 685