Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Үйге асыққан сақшылар сағынышын қалай басады?

Алматы облысының полицейлерінің жақындарына деген сағынышын басуға не көмектесетінін жеткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.


Алматы облысының Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген режимде қызмет атқарып келеді. Санитарлық және тосқауыл бекеттерге бекітілген жедел және саптық бөлімшелердің полицейлері тәулік бойы кезекшілікке түседі. Тәртіп сақшыларының көпшілігі қызметтік борыштарын өтеу мақсатында отбасыларынан жырақ күндіз-түні өздеріне бекітілген аумақтарда жағдайдың кез келген өзгерісіне жедел әрекет ету үшін уақытша тұрғын үйлерді жалдап тұруға мәжбүр.


Мәселен, кейбір қызметкерлер айлап өз отбасыларын, балаларын, туыстарын және жақындарын көрмеген, ал мұндай қызметкерлер саны полицейлер қатарында аз емес. Мысалы, Іле аудандық Полиция басқармасының патрульдік полиция ротасының взвод командирі Абылай Беркендыков Алматы қаласынан Өтеген Батыр кентіне көшіп, өзіне жүктелген міндеттерді адал орындауда.

“Маған жұмыстың жауапты жағы жүктелгендіктен, санитарлық және тосқауыл бекеттердегі қызмет атқаруды тәулік бойы тексеремін, оларға қойылған міндеттерді мүлтіксіз орындауға көмек беремін. Мен өз үйімде 20-наурыздан бері болмадым. Отбасым және балаларыммен қызметтен тыс уақытта телефон, интернет байланысы арқылы тілдесемін”, – деп атап өтті Беркендыков.

Іле аудандық полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторы Ғалымжан Сафаров  қызметтік қажеттілікке байланысты , яғни өзіне бекітілген тосқауыл бекеттегі қызметін орындауы үшін отбасын Алматы қаласына тастап, Боралдай ауылына қоныс аударған.

“Күн сайын балаларымнан смс-хабарлама аламын, олардың суреттерін көріп, қуанамын және оларға уайымдаймын. Әрине, виртуалды байланыс оларға деген сағынышымның кішкене ғана бөлігін басады. Алайда барлығымыз бұл қиындықтардың уақытша екенін нақты түсінеміз. Мемлекет пен еліміздің әрбір азаматы алдымызға үлкен жауапкершілік жүктеп отыр, сондықтан қызметтік борышымызды орындау кезінде жеке эмоциялар мен сағынышқа орын бере алмаймыз”,-дейді Сафаров.

Алматы қаласы ҚР ІІМ академиясының курсанты Наурызбай Джанабеков Іле аудандық полиция бөлімшесінің криминалдық полиция бөліміне жедел уәкіл ретінде тәжірибеден өтуге келген. Өзінің жеке бастамасы бойынша тосқауыл бекетте қызмет етіп жүр. Қызметін атқару барысында ол іскерлік қасиеттерін көрсетіп, үлкен тәжірибе жинап, өзін адал қызметкер ретінде таныта білді.

“Күнделік жүргіземін. Онда жұмыс нәтижелеріммен, әсерлеріммен бөлісемін, қызмет атқару барысында болған әрбір қызықты оқиғаны атап өтемін, сондай – ақ жекелеген азаматтар тарапынан жасалған әрбір құқық бұзушылықты жазамын. Күнделігімдегі кейбір естеліктермен жақындарыммен және туыстарыммен бөлісемін”, – дейді қатардағы қызметкер Джанабеков.

Олардың әрқайсысы бұйрықтарды мүлтіксіз орындауда және жедел жағдайларға жақсы бағдарланып, төтенше жағдай кезінде қауіпті вирустың таралуының жолын кесу мақсатында қойылған міндеттерді шешіп келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру