Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Батыс Қазақстан облысының полиция департаментінде консультативтік-кеңесші органның отырысы өтті

Батыс Қазақстан облысының полиция департаментінде консультативтік-кеңесші органның отырысы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz

Кеңес отырысына БҚО полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев , консультативтік-кеңесші органның төрағасының орынбасары Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы  Тұяқбай Рысбеков және кеңес мүшелері, полиция департаментінің басшылығы қатысты.

Алдымен сөз алған департамент басшысы Арман Молдиярұлы консультативтік-кеңесші органның мүшелеріне қоғам алдындағы мәселелерді шешуде қосқан үлестері үшін алғысын білдіріп, қызметтеріне сәттілік тіледі.

Отырыс барысында кеңес мүшелерімен бүгінгі күні қоғамда өзекті мәселеге айналған тақырыптар талқыланды. Соның ішінде: кәмелетке толмағандардың қатысуымен және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша қабылданған шаралар туралы; жол-көлік оқиғасының ахуалы; мал ұрлығының алдын алуға қатысты атқарылған жүмыстары туралы сөз қозғалды.

Балаларды қорғау және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты алдын алу – ол баршамыздың міндетіміз. Статистикаға тоқталатын болсақ осы жылдың 9 айында кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 60,7% – ға (51-ден 82-ге дейін) өсті.

Талдау көрсеткендей, 69 кәмелетке толмаған 82 қылмыс жасаған. Жасөспірімдер қылмысының алдын алу шеңберінде облыс аумағында 11 жедел-профилактикалық іс-шара(«Қолайсыз отбасы», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Жасөспірім-Заң-ауіпсіздік» және т.б.), 6 акция және 352 профилактикалық түсіндіру жұмысы жүргізілді.

Аталған іс-шара барысында Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) кәмелетке толмағандардың 2852 заңды өкілі жауапкершілікке тартылды.

– Орал қаласында 64 мектеп және 20 колледжде «Komek Stop Bullying» жобасы осы жылы мамыр айынан бастап іске қосылды. Онда оқушылар QR арқылы өздерінің проблемаларын, эмоциялары мен қорқыныштарын еркін және жасырын түрде білдіре алады. «Komek Stop Bullying» жобасы бойынша өтініштер білдірген оқу орындарында біздің тарапымыздан бопсалау фактілерін анықтап, заң аясында жұмыс жасаймыз, – деп атап өтті БҚО ПД жергілікті полиция басқармасының бастығы Ернар Сұлтанғалиев.

– Бүгінгі таңда балаларды жете білу, олардың ішкі дүниесін түсіну, өте маңызды мәселеге айналып отыр. Бәріңізге мәлім отан отбасынан басталады, отбасындағы бала тәрбиесі бірінші ата-анадан басталу керек. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзышылықты болдырмау мақсатында білім ордасымен бірігіп жұмыстар атқарылу қажет,  бала тәрбиесі-қоғам айнасы, сондықтан да қоғам болып бала тәрбиесімен айналысуымыз қажет деп білемін, – деп атап көрсетті БҚО консультативтік-кеңесші органның төрағасының орынбасары Рысбеков Тұяқбай.

Аталған «Komek Stop Bullying» жобасы тек оқу орындарында ғана емес, сондай-ақ балалар көп жиналатын орындарда, яғни, ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары мен клубтарды көбірек орнатылса, қылмыстық алдын алу мүмкіндігі туар еді деген ұсынысын білдірді ККО мүшесі БҚО мәслихат депутаты Шаттық Утебалиева.

Әсіресе  бейнебақылау камераларының көмегімен қауіпсіздік шаралары қолға алыну қажет, осыған байланысты, бұзақылық, қорқытып-үркіту, ақша бопсалау фактілері орын алатын орындарда, тіпті әжетханалардың маңына да бейнекамералар орнатқан дұрыс деп шешті кеңеске қатысушылар.

Кеңестің екінші жартысында бүгінгі күні өзекті деген тақырып – қара жолдың үстінде қаза болу жағдайларын азайту мәселесі қозғалды.

Полиция департаменті тарапынан жүргізіліп жатқан жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында шараларға қарамастан, бүгінгі күні жол апаттарының саны азаяр емес. Жыл басынан қабылданған шараларға қарамастан, облыста жол-көлік оқиғаларының саны 29%-ға 205-тен 264-ке дейін және жарақат алғандар 35%-ға 251-ден 339 адамға дейін өсті.

Тіркелген жол-көлік оқиғаларының барлығы оған қатысушылардың белгіленген жол қозғалысы ережелерін сақтамауынан туындайтыны анық. Бүгінде полиция жазалау принципінен бас тартып, профилактикалық принципке көшуді талап ететін қызметтік үлгіге көшуде. Бірақ бұл принципке көшудегі кедергі – жол қозғалысына қатысушылардың бұзушылықтар жасауына жол бермейтін инфрақұрылымның жоқтығы. Яғни, бүгінгі таңда азаматтарды жол апатынан қорғау деңгейі төмен.

Облыс орталығында орын алған жол-көлік оқиғаларын талдау барысында оқыс оқиғалардың 2 негізгі түрі және олардың туындау себептері көрсетілген. Біріншісі – көліктердің соқтығысуы.
Жол-көлік оқиғасы барысында орын алған 85 соқтығыстың 61-і көше қиылысында болса, соның салдарынан 5 адам қаза тауып, 80 адам жарақат алған.

Бұл ретте 22 жол-көлік оқиғасы бақыланатын қиылыстарда және 39 бағдаршам жоқ жерде орын алған. Оқиғалардың орын алуына ықпал етуші себептер – қозғалыс бақыланбайтын қиылыстарда бағдаршамның реттелмегендігі, бағдаршам учаскелеріндегі кері санақ таймерлері және қиылыстарда автоматты басқару жүйесінің болмауы.

Екінші түрі – жаяу жүргіншілерді қағу жағдайлары. Жаяу жүргіншілердің қатысымен 71 жол-көлік оқиғасы орын алып, 7 адам қаза тауып, 66 адам жарақат алған.Оның ішінде 25 жаяу жүргінші бақыланбайтын өткелдерде, 13-і белгіленбеген жерден өту кезінде, 9-ы реттелетін өткелдер мен қиылыстарда, 8-і қоғамдық көлік аялдамаларында жарақат алған.

Бұл жерде де жол инфрақұрылымын жақсарту шаралары қабылданбайынша, тек полиция күштерін пайдалана отырып, жол-көлік оқиғасы деңгейін тұрақтандыру мүмкін емес. Мәселен, біздің облыста орналасқан республикалық маңызы бар Самара – Шымкент және Орал – Атырау тас жолдарында адам қазасы көптеп орын алып жатқаны жасырын емес.

– Соңғы бес жылда бұл жолдарда 334 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 192 адам қаза тауып, 509 адам жарақат алған. Бұл жерде болатын жол-көлік апаттары көбіне көлік соқтығыстары мен аударылып қалу жағдайында болып отыр. Жол саласына қатысты әр деректің артында адам тағдыры тұр. Қайғылы оқиғаны болдырмаудың нақты нәтиже беретін жолдарын тауып, жүзеге асыру қажет. Осыған байланысты мүмкіндікті пайдаланып, бұл ұсынысты Үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынып отырмыз, – деп көрсетті әкімшілік полиция басқармасының бастығы А.Плешаков өз баяндамасында.

– Бұл мәселені шешудің негізгі жолы – жол қозғалысы ережелеріне дұрыс дайындау және үйрету. Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде Президент те бұл мәселені сынға алған еді. Біз адамдардың өмірі мен денсаулығы ең басты құндылық екенін үнемі айтамыз. Сондықтан жағдайды түзеу үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Ең алдымен, барлық азаматтың назарын жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға аудару керек,- деді департамент басшысы Арман Молдиярұлы.

Бүгінде қоғамда мал ұрлығы әрбір шаруаның мазасын алған мәселеге айналып отыр. Күз мезгілі келіп, соғым уақыты таяғанда мал ұрлығының тіпті жиілеп кететіні де рас. Ал сол мал ұрлығының өңірлерде ашылу көрсеткіші қандай деген мәселе де бар. Сонымен қатар адамдарды еңбекке заңсыз жегу сияқты мәселелер де күн тәртібінде өте өзекті. Яғни ел арасында кейбір шаруалардың шетелдік азаматтарға малын бақтырып қою әрекеті де толастамай отыр. Осыған орай консультативтік-кеңесші орган отырысы кезінде ауылдарда жанының азығы қып отырған тұрғындардың малының ұрлануы деректері назардан тыс қалмады. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, осы жылдың есептік кезеңінде (9 ай) 123 мал ұрлығы тіркелді (2022ж. – 116).

Ауыр мал ұрлығының ашылуы 77,1% құрады. Жалпы мал ұрлығы қылмыстарын ашудың қиындығы жәбірленушілердің өз бетінше іздеуден кейін полицияға кеш жүгінуінде. Қылмыс жасау кезеңі бір ай немесе одан да көп мерзімде болып, кейін келіп, арыз жазып жатады. Осыған байланысты мал ұрлығын ашу және жануарларды іздеу белгілі бір қиындықтарды тудырады. Ағымдағы жылы жедел – іздестіру іс-шаралары барысында барлығы 81 қылмыстық іс ашылып, аяқталды, оның ішінде 54-і ауыр санатқа жатады. Бұрын жасалған 23 мал ұрлығы фактісі анықталды, оның ішінде 17-сі өткен жылы болған.

– Мал ұрлығы бойынша 67 адам ұсталып, 10 қылмыстық топтың қылмыстық әрекеттері тоқтатылды, – деп көрсетті БҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Сұлтан Зұлқарнайұлы.

Кеңес мүшелері еркін пікір алмасып, ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жайылым орындарын бақылауда ұстауда тиісті жұмыстардың атқарылмауы да, сондай-ақ, азаматтардың өз төрт түліктерін жайылымдық жерлерде бақылаусыз қалдыруы да мал ұрлығын азайтпай отыр. Ұрланған малдар негізінде, түн мезгілінде, мәселен, жер үйлердің аулаларында, шаруа қожалықтарында сойылады.

– Ал мұндай ет өнімдерінің төмен баға ұсынған мекемелер, жеткізушілер арқылы денсаулық сақтау, білім беру, қылмыстық атқару жүйесі және т.б. орындарға да өткізілетіндігін жоққа шығаруға болмас. Жалпы, құқық қорғау органдары тарапынан қолданылатын шаралардың жеткіліксіздігінің, қылмысқа қарсы тұрудағы енжарлықтың, қоғамда жүгенсіздік түсінігінің кеңінен белең алуының әсерінен мал ұрлығы үдерісіне көп адам тартылып жатыр. Бұл – кері үрдіс. Себебі, мұндай жағдай қарапайым халықтың құқық қорғау органдарына және мемлекеттік билікке деген сенімін жоғалтады. Сондықтан осы мәселені шешу үшін еліміздің ішкі істер, сондай-ақ, барлық уәкілетті және жергілікті атқарушы органдарының өкілдері өз жұмыстарын жүйелі түрде қайта үйлестіріп, дер кезінде кешенді шараларды қабылдаулары керек, – деп көрсетті кеңеске қатысушылар.

Консультатиктік-кеңесші органның мүшелері күн тәртібінде қаралған мәселелерді талқылап, өздерінің ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Аталған мәселелердің орындалуы желтоқсан айында қайта қаралатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру