Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ-де Қоғамдық кеңестің отырысы өтті

29 қыркүйек күні ІІМ-де Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиында елімізде синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған шаралар туралы мәселелер талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға Қоғамдық кеңестің төрағасы Рахым Ошақбаев бастаған азаматтық қоғам өкілдері, ІІМ қызметкерлері мен арнайы қонақтар қатысты. Олардың арасында бейнеконференцбайланыс арқылы қосылғандар да болды. Есірткі қылмысына қатысты қабылданған шаралар туралы ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Қажығали Имажанов баяндады.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми статистикасы бойынша елде 18 мың нашақор бар. Нарықта “синтетика” басым. Себебі синтетикалық препараттар қолжетімді, оларды жасау оңайырақ және алғаш қабылдаған сәттен бастап тәуелділік тудырады.

Тәркіленген синтетиканың да көрсеткіші артып келеді: 2019 жылы – 10 килограмм, 2020 жылы – 50 килограмм, 2021 жылы – 100 килограмм, 2022 жылы – 582 килограмм, 2023 жылдың 8 айында – 785 килограмм.

Есірткі бизнесі толығымен дерлік киберкеңістікке көшті: криптоәмияндар, шифрлау деңгейі жоғары мессенджерлер қолданылады. Соған байланысты күрес тәсілдері де жетілдірілуде – “Кибернадзор” жүйесі енгізілді. Оның көмегімен нақты уақыт режимінде анықталған есірткі сайттары бұғатталады. Ағымдағы жылдың басынан бері 2,5 мыңнан астам ресурсқа тосқауыл қойылды. Тыйым салынған контентті автоматты түрде іздеп, анықтауға iMAS бағдарламасы көмектеседі.

2020 жылдан бастап электрондық ақша иелері арасында жасырын аударымдарға тыйым салынды. Сол жылы Президенттің тапсырмасы бойынша есірткіні интернет арқылы таратқаны үшін жаза күшейтілді, есірткіні жарнамалау мен насихаттау үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.

– Биыл біз үш трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтадық, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы.

ҰҚТ мүшелерінен шамамен 100 килограмм синтетика, 75 тоннадан астам прекурсор, 13 реактор тәркіленді.

– Мемлекет басшысының өткен жылғы Жолдауын іске асыру үшін біз Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледік. Ол 29 маусымда үкіметпен бекітілді, – деді Имажанов.

Жиын барысында кеңес мүшелері өздерін қызықтырған сауалдар қойып, нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өз ұсыныстарын айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру