Бейінді бөліністің жедел уәкілі «адам ағзасын улайтын заттармен» қалай күрес жүргізетіні туралы айтты
Нашақорлық – өзекті әлеуметтік проблемалардың бірі. Әсіресе кәмелетке толмағандар мен жастар арасында кең таралуы ерекше алаңдаушылық тудырады. Бүгінде бүкіл ел бойынша есірткі қылмысына қарсы күрес белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысында «зиянды заттармен» күрес қалай жүргізіледі, бұл туралы СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Руслан Үмбетов айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2023 жылдың тоғыз айында өңірде 202 есірткі құқық бұзушылығы тіркелді. Олардың қатарында есірткі заттарын ірі мөлшерде сақтау фактілері, қылмыстық теріс қылықтар, өткізу фактілері, контрабанда, есірткіні насихаттау, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру фактілері бар. Заңсыз айналымнан 729 килограмға жуық түрлі есірткі және психобелсенді заттар, оның ішінде 20 килограмнан астам гашиш, 690 килограмға жуық марихуана, бір жарым килограмнан астам түрлі синтетикалық есірткі тәркіленді.
Руслан Үмбетов өзінің есірткі қылмысына қарсы күрес бөліміндегі қызметін 2014 жылы бастаған. Ол – басқармаға жетекшілік етіп қана қоймай, есірткі сатушыларды ұстау бойынша жедел арнайы операцияларға тікелей қатысатын полиция қызметкерлерінің бірі.
– Статистикаға сәйкес өңірде 548 нашақор есепте тұр. Оның ішінде 34 әйел бар. Улы заттың шырмауына іліккен адамды көрген кезде бұл проблеманың өзекті екенін түсінесің. Менің жұмыс таңдауыма осы әсер етті, – деді Руслан Үмбетов.
Бүгінгі таңда есірткі қылмыстарының құрылымы да, динамикасы да өзгерген. «Синтетика» есірткі тұтынушылар арасында сұранысқа ие. Себебі олар арзан әрі қолжетімді және өте қауіпті.
Облыс аумағында «спайс» деп аталатын синтетикалық есірткінің алғашқы ірі партиясы Аққайың ауданы Смирнов ауылында тәркіленгенін атап өтуге болады. Қылмыскер жергілікті тұрғындар мен келіп-кетушілерге темекі шегу қоспасын дайындап, буып-түйіп, өткізген. Қазіргі уақытта ер адам сотталып, жазасын түрмеде өтеп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысында 1998 жылы марихуананың ең ірі партиясының жолы кесілді. Сол кезде операцияны басқарған Николай Титяев болатын. Тәркіленген есірткінің салмағы 1 тонна 215 кг құрады.
Ал 2023 жылдың мамыр айында соңғы 10 жыл ішіндегі ең ірі партия – 464 кг есірткі анықталды.
Ең сирек кездесетін есірткінің түрі – кокаин. 2021 жылы Мамлюткада кокаин контрабандасына тосқауыл қойылды.
– Бұрын дәстүрлі өсімдік тектес есірткілер қолданыста болса, қазіргі таңда синтетика кеңінен таралған. Сонымен қоса, бұрын байланыс түрі – қолма-қол беру болса, қазір барлығы жасырын, интернет арқылы жүзеге асырылады, – дейді Руслан Үмбетов.
Есірткі сатушылардың жас ерекшеліктері де әртүрлі. Бұл салаға ересек адам ғана емес, студент немесе мектеп оқушысы да тартылуы мүмкін.
– Есірткі өткізгені үшін жазасын өтеп жатқан жасы 50-ден асқан ерлі-зайыптылар бар. Күйеуі 12 жылға, әйелі 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ тәуекел аймағында негізінен жастар. Әдетте қылмыскерлер балаларды есірткі өткізудің ең қауіпті кезеңдеріне тартады. Баланы табыстың бұл түріне көндіру ересек адамдарға қарағанда оңайырақ. Олар қылмыстық жауапкершілік жасына жетпегенін және оны жазалау мүмкін еместігін айтып сендіреді. Ал есірткі айналымына қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан, оны өткізгені үшін 14 жастан басталады, – деді жедел уәкіл.
СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мәліметінше, жыл сайын ұсталғандар арасында кәмелетке толмағандар кездесіп отырады. Мәселен, 2020 жылы 11-сынып оқушысы ұсталған. Оның курткасының қалтасынан марихуана салынған бес түйіншек, ал тұрғылықты жерін тінту кезінде 46 бір реттік доза және салмағы бір килограмм полимерлік пакет табылып, тәркіленді. Оқушы бес жылға бас бостандығынан айырылды.
2021 жылы Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің 2-курс студенті психотроптық затты өткізгені үшін ұсталды. Ол үш жылға бас бостандығынан айырылды.
Биыл шілдеде кәмелетке толмаған бала ұсталды, одан синтетикалық есірткі заты бар жеті түйіншек тәркіленді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Есірткі қылмысын тергеу уақыт қажет етеді. Егер бір факті бір-екі аптаға созылатын болса, екіншісі бір айдан алты айға дейін созылуы мүмкін. Қылмыс фактісі ғана емес, сонымен қатар қылмыстық топқа кім кіреді, қандай өндіріс, тарату әдістері қолданылды, барлығы анықталады.
– Менің тәжірибемде ұмытылмас оқиға бар. Ол 2020 жылы болған еді. Жамбыл ауданы Миролюбово ауылында тінту барысында үйдің қосалқы үй-жайынан синтетикалық есірткі өндіретін зертхана таптық. Жүргізілген арнайы операция нәтижесінде 2,5 килограмнан астам синтетика есірткі заты тәркіленді. Ер адам облыс аумағында психотроптық заттарды заңсыз сақтау, дайындау және өткізу үшін ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. Топтың жетекшісі және қатысушысы ретінде топ құрамына тағы төрт адамды тартқан. 2021 жылдың қараша айында мамандандырылған облыстық соттың үкімімен топ жетекшісі 16 жылға бас бостандығынан айырылды, ал қалғандары 13 жылға, 12 жылға сотталды, – деді Руслан Үмбетов.
Қазақстанның басқа облыстарындағы есірткі қылмысына қарсы күрес басқармаларымен белсенді ынтымақтастыққа қол жеткізілді. Мәселен, биылғы жылы Астанадан Петропавл қаласына синтетикалық есірткі жеткізу арнасының жолы кесілді.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері тағы бір жаппай ұстау операциясын мамыр айында жүргізді. Солтүстік Қазақстан облысы аумағында марихуана мен гашиш жеткізу және таратуды ұйымдастырған сегіз адамнан құрылған топ қамауға алынды. Олардан 50 келіден астам есірткі тәркіленді.
Аталмыш сандар мен фактілер алаңдатып қана қоймай, есірткі шырмауына әкеп соқтыратын, доза үшін өз денсаулығына ғана емес, өздеріне және басқаларға да қауіп төндіруге дайын адамдар туралы ойлануға мәжбүр етеді.
Интернет есірткі бизнесінде маңызды рөл атқарады. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері тұрақты негізде сайттарға, әлеуметтік желілерге және Telegram-арналарға мониторинг жүргізеді.
– Негізінен есірткінің барлық сатылымы Telegram-aрналар арқылы жүзеге асырылады. Бізде бұл арналарды анықтап, бұғаттайтын арнайы қызметкерлер бар. Республика бойынша алғашқы интернет-дүкенді Солтүстік Қазақстан облысының жедел уәкілдері әшкереледі. 2020 жылғы 8 қаңтарда интернет-дүкеннің әкімшісі әрі иесі болған күдікті, сондай-ақ жүргізуші мен есірткі жасырушының міндетін атқарған сыбайласы ұсталды. Тінту іс-шарасы барысында синтетикалық есірткі заты буып-түйілген 40 түйіншек тәркіленді, сондай-ақ жалға алынған пәтерлерін тексеру кезінде 300 грамм есірткі табылды. Екеуі де 11 жылға бас бостандығынан айырылды, қазіргі уақытта жазасын өтеп жатыр, – деді полицей.
Есірткі сатушылар қолданатын тағы бір әдіс – автобус аялдамаларында, гараждарда, қоршауларда, үйлерде граффити қалдыру. Биыл 78 граффити өшірілді. Ал есірткі жасырудың басты орындары – адамдар сирек кездесетін және бейнекамералар аз жерлер.
– Адамдар жеңіл ақша табу жолын көздейді. Көбі оның соңы қандай жағдайға әкеп соқтыратынын ойламайды. Оларға есірткі өткізгені үшін айып тағылған кезде және 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін дегенде ғана жағдайының қиын екенін түсіне бастайды. Осыған байланысты профилактикалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 2019 жылды қазіргі жағдаймен салыстыратын болсақ, адамдардың есірткі қылмысына баруы азайып келеді, – дейді Руслан Үмбетов.
Есірткінің салдары әрі олардың таралуы үшін жауапкершілік туралы адамдардың тереңірек білуі үшін басқарма профилактикалық іс-шараларды тұрақты негізде өткізеді.
– Облыс әкімдігімен, жастар ресурстық орталығымен, волонтерлік ұйымдармен белсенді өзара іс-қимыл жасаймыз. 428 профилактикалық іс-шара өткізіліп, 25 мыңнан астам жоғары сынып оқушылары, колледждер мен ЖОО студенттері қамтылды. Профилактика әлеуметтік желілерде де жүргізіледі, – деді СҚО ПД ЕҚҚІҚБ бастығының міндетін атқарушы.
Руслан Үмбетов есірткі проблемасына бей-жай қарамайтын кез келген азамат есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне есірткі жасырушыларды анықтауға көмектесе алатынын айтты.
– Есірткі жасырушы адамды көріп, байқаған азаматтардың өздері де хабарлап, көмек көрсете алады. Бізде сенім телефоны қарастырылған, барлық өтініштер анонимді түрде қабылданады, – деді жедел уәкіл.