Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бейнебақылау камераларының көмегімен 48 219 құқық бұзушылық анықталды

Алматы облысында сыртқы бейнебақылау камералары 50 мыңға жуық құқық бұзушылықты тіркеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысының тәртіп сақшылары алты ай ішінде сыртқы бейнебақылау камераларының көмегімен 48 219 құқық бұзушылықты анықтаған. Тіркелген тәртіп бұзу дерегі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, құқық бұзушының мекенжайына жолданды.

– Облыстағы бейнебақылау камералары «Автоураган», «Крис-П» және «Интегра» жүйелерінде жұмыс жасайды. Бейнебақылау камераларымен тіркелген құқық бұзушылық автоматты түрде өңделіп, облыстық Әкімшілік полиция қызметкерлері тарапынан құқық бұзушыға әкімшілік айыппұлды төлеу туралы хабар беріледі немесе пошта желісі арқылы мекенжайына хат жолданады, – деп түсіндірді облыстық ПД Әкімшілк полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Таңатаров.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта жаңа жүйе негізінде айыппұл төлеушіге ақпаратты полицейлер емес, пошта қызметкерлері жеткізеді. Біріктірілген жүйе бойынша тәртіп бұзушылық туралы ақпаратты пошта қызметкерлері Әкімшілік полиция басқармасынан электрондық нұсқада алады.

Полицейлердің ақпараты бойынша, Алматы облысы аумағында 270 бейнекамера жол және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде. Бейнекамералардың тәулік бойы түсірген жазбалары өңделіп, құқық бұзушылықтарды анықтауға және қылмыстарды тезірек ашуға мүмкіндік береді. Сондықтан, полицейлер келешекте занамауи талаптарға сай бейнебақылау камераларын орнатуды жоспарлауда.

– Биыл облыс тұрғындарынан 92 миллионға жуық әкімшілік айыппұл өндірілді. Құқық бұзушы қолданыстағы заңнамаға сәйкес айыппұл салынғаны туралы ақпаратты алған күннен жеті күн ішінде айыппұлдың жарты сомасын төлей алады. Немесе, бір ай мерзімде толық өтеуі тиіс. Әкімшілік айыппұл бір ай мерзімде ерікті түрде төленбесе, тәртіп сақшылары оны жеке сот орындаушылары арқылы мәжбүрлі түрде өндіруге құқылы, – деп толықтырды Нұржан Таңатаров.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру