Бейнеуде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған кездесу өтті
Бейнеуде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Біләл Қалиев атындағы жалпы білім беру ұйымында "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында 8–11 сынып оқушыларына арналған профилактикалық кездесу өтті. Шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, құқыққа қайшы әрекеттердің және буллингтің алдын алу, сондай-ақ оқушылардың құқықтық мәдениетін арттыру.
Кездесуге аудандық полиция бөлімінің бастығы Е.Изкенов, аудан прокуроры С. Хасниязов және аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ш. Джаулиев қатысты. Басшылар оқушыларға маңызды тақырыптар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кәмелетке толмағандардың құқықтық міндеттері мен жауаптылық түрлері, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік қағидалары және буллинг, кибербуллинг және зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары талқыланды.
Кездесу барысында мектеп педагог-психологы Камшат Абитова "Буллингтің алдын алу" тақырыбында антибуллинг терапиясын өткізіп, оқушыларға жанжалды бейбіт жолмен шешу, өзара құрмет пен дұрыс коммуникация дағдыларын үйретті.
Шарадан кейін ведомство басшылары мектептің білім беру процесімен танысып, оқу кабинеттерін, спорт және қосымша білім беру бөлмелерін аралап көрді. Сонымен қатар оқу ортасының ұйымдастырылуына қатысты ұсыныстарын білдірді.
Іс-шараның басты мақсаты – мектепте қауіпсіз, құқықтық мәдениеті жоғары және оқуға қолайлы орта қалыптастыру.
