Іздеуде жүрген ұры блок-бекетте қолға түсті
Алматы облысында ұрлығы үшін іздеуде жүрген адам блок-бекетте ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға Алматы облысының Іле ауданындағы Покровка ауылында орналасқан бекетте болды. Күдікті ол кезде төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін ұсталған. Өзі Ұзынағаш ауылының 36 жастағы тұрғыны болып шықты.
«Ұсталған жігітті деректер қоры бойынша тексергенімізде Ұзынағаш ауылында жасаған ұрлығы үшін Жамбыл аудандық полиция бөлімімен іздестіріліп жатқанын және полициядан жасырып жүргенін білдік. Г. есімді азамат дереу полиция бөліміне жеткізілді. Оның мал ұрлығына қандай қатысы бар екені де тексеріледі», – деп хабарлайды Іле аудандық Полиция басқармасының басшысы Марат Күштібаев.
Өткен кезеңде Іле ауданы бойынша орналасқан тосқауыл бекеттерде барлығы жиырма мыңға жуық көлік құралдары тексерілді және Алматы қаласының аумағына бес мыңнан астам азаматқа кіруге рұқсат берілмеді. Сонымен қатар, 26 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 18-і Қарасай аудандық сотының қаулысымен 5-тен 10 тәулікке дейінгі әкімшілік қамаққа алынды, екі адамға 5 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
«Сондай-ақ, жеке дүкендердің үш иесі сағат 20:00-ден кейін сауда-саттықтарын жалғастырғаны үшін, әрқайсысы 10 АЕК мөлшеріндегі әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тыйым салынған учаскелерде жеке тасымалмен айналысқан 31 жастағы азаматқа да дәл осындай айып тағылды», – деп толықтырды полковник Күштибаев.