Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Баласына асыққан әкеге полицейлер қолдау көрсетті

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа туған баласын үйіне шығарып алмақ болған жас әкеге жергілікті полицейлер қолдау көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz. 

Әкенің өзі облыс орталығынан шалғайда тұрады екен. Жұбайы Петропавл қаласында босанған.

ТЖ режиміне байланысты елде тәртіп күшейіп, полиция қызметкерлері елдімекендерден шыға берісте орналасқан санитарлық бекеттерде тәулік бойы кезекшілік атқарып тұрғаны белгілі. Карантин режимінде Солтүстік Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысын басшылыққа алатын полицейлер, әрине, әр жағдайға жеке қарауға тырысады.

Өткен апта соңында Тимирязев ауылының 26 жастағы тұрғыны Юрий Шветов жұбайы мен баласын перзентханадан шығарып алмақ болып Петропавлға бару үшін аудандық әкімдіктің көмегіне жүгінген. Әкімдік қызметкерлері Жергілікті полиция қызметі басқармасымен байланысып, карантин кезінде Тимирязев ауылынан облыстық перинаталдық орталыққа дейін Юрий үшін жол ашып берді.

“Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, азаматтың дене қызуын өлшедік. Дезинфекция жасау сияқты барлық санитарлық норманы қатаң сақтай отырып блок-бекеттерден өткізуге ұмтылдық. Ауыл тұрғынын перинаталдық орталыққа және орталықтан ауылына дейін шығарып салдық”, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Сайран Сәркенов.

Богдан деп есім алған сәби 17 наурыз күні дүниеге келген. Денсаулығына байланысты ауруханадан тек бүгін шығарылды. Анасы – 25 жастағы Юлия әзірше дәрігерлердің бақылауында. Бала әкесінің қолына тапсырылып, естелікке алғашқы суретіне полицейлермен түсті.

Юрий мен Юлия 2012 жылы отау құрған. Богдан – олардың екінші ұлы. Үлкен ұлының есімі – Роман, оған 3 жас 4 ай. Карантинге қарамастан, 240 шақырым жерде орналасқан Тимирязев ауылынан кедергісіз Петропавлға жетіп, кіші ұлын құшағына алғанына жас әке өте қуанышты. Юрий Шветов жарының ауруханадан шығуын асыға күтеді. Олар енді карантин аяқталғанша уақыттарын үйде өткізеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру