Белгісіз біреу банк картасынан тұрғынның ақшасын жымқырып кетті
Алматы облысында банк картасынан ақша ұрлау дерегі әшкереленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көксу ауданы полициясының кезекші бөліміне 64 жастағы ер адам хабарласып, өзінің жақында банк карточкасының ұрланғанына және картадағы 130 мың теңге ақшаның қолды болғанына арызданған. Зардап шегуші картаны өз бетінше тауып, қалпына келтіруге тырысқан, алайда әрекеті сәтсіз болған.
Алдын ала тексеру барысында тәртіп сақшылары карта иесінің жақын күндері өзен бойында екі күн демалғанын және жақын таныс емес адамның сөмкесіне картасы мен оның құпия кілті бар конвертті салып қойғанын анықтаған. Сондай-ақ, бейтаныс жан оқиға орнынан белгісіз бағытта із суытқан.
Полицейлер жедел іздестіру шаралары барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Алматы қаласының 22 жастағы тұрғынын ұстады. Бұлтартпас айғақтар арқасында күдікті карта мен құпия сөзін алған соң картадағы барлық соманы шешкенін және өз қажеттіліктеріне жұмсағанын мойындады. Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полицейлер тұрғындарды бейтаныс немесе сенімді емес адамдарға өздерінің банк карталарын мен олардың құпия сөздерін сеніп тапсырмауға шақырады. Өйткені, оның арты ақша жоғалуына әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді.