Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Белгісіз біреу қара қазанды ұрлап кетті

Түркістан облысының полицейлері қазан ұрлаған күдіктіні құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазығұрт АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Оның айтуынша, үйінің алдындағы бастырмасында тұрған 80 литрлік қара қазанын белгісіз біреу жымқырып кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 187-бабы «Ұсақ-түйек жымқыру» бойынша тіркелді.

Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 5000 теңгені құрады. Орын алған ұрлық қылмысын ашу мақсатында аудандық полицейлер шұғыл әрекетке кірісті. Куәгерлерден жауап алып, қажетті шараларды іске асырды. Нәтижесінде полицейлер қылмыстың ізін суытпай үш сағат ішінде күдіктіні анықтады. Ол көрші ауылдың тұрғыны болып шықты. Қазан күдіктінің гаражынан табылды.

Айғақты зат алынып, заңды иесіне қайтарылды. Тергеу барысында анықталғандай күдікті түнгі уақытта жәбірленушінің үйінің алдынан өтіп бара жатып, қоршалмаған ауласына кіріп, ешкімнің көріп тұрмағанын пайдаланып, сатып жіберемін деген оймен қазанды ұрлап кеткені белгілі болды. Бас шарасы міндеттемемен босатылды.

Ұрлықтың үлкен-кішісі болмайтынын естен шығармаңыздар деп ескертеді. Тұрғындарды да өздерінің мал-мүліктеріне барынша сақ болып, аулаларын қоршап, мүмкіндігінше бейнебақылау камераларын орнатуға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру