Бескөлдіктер ұрлықтарды ашқан СҚО полицейлеріне алғыстарын білдірді
Бескөлдіктер ұрлықтарды ашқан СҚО полицейлеріне алғыстарын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО ПД бастығы Марат Төлебаевтың поштасына алғыс хаттар жиі келіп түседі. Қызылжар ауданының орталығы Бескөлдің екі тұрғыны ұрлықты ашқан қызметкерлерге алғыс білдіру үшін жүгінген. Біреуінің саяжайындағы үйінен белгісіз қылмыскер есік пен пластик терезені жымқарған. Келесі біреуінде кәсіпорын аумағынан тоннаға жуық металл құбырлары қолды болған. Екі жағдайда да қылмыс «ізі суымай» ашылды. Грета қызметтік-іздестіру иті саяжайдан ізге түсіп, жедел-тергеу тобын қылмыскер ұрлаған мүлкін жасырған қамыс арасына алып келді.
Күдіктіні анықтау үшін тәртіп сақшылары торуылдап, түнде жасырған жеріне келген ер адамды ұстады. Екі ай бойы кәсіпорыннан жоғалған құбырлар металл қабылдау орындарын жүйелі тексеру нәтижесінде табылды. Мүлік иелеріне қайтарылды. Риза болған аудан орталығының тұрғындары аудандық ПБ бастығының орынбасары Арман Жетеповке, криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Дулат Сүлейменовке, жедел уәкіл Сырымбет Жанпейісовке, учаскелік инспектор Тұрар Базаровқа, кинолог Қуаныш Жансейітовке және жедел-іздестіру іс-шараларына қатысқан өзге де қызметкерлерге алғыстарын білдірді.
– Қылмысты кезекші тәулікте ашу – қызметкерлердің тәжірибесі мен үйлескен жұмысы, олардың жергілікті жерлерді жақсы білуінің арқасы. Олардың ешқайсысы күдіктілерді «ізін суытпай» анықтауды жарқын оқиға деп санамайды. Дегенмен, алғыс сөздері қиын да күрделі жұмысымызға қолдау болып, одан әрі қызмет етуімізге серпіліс береді, – дейді Қызылжар ауданының ПБ бастығының міндетін атқарушы Нұрлыжан Ақтанов.