Билік өкілін қорлаған ақмолалық қоғамдық жұмысқа тартылды
Билік өкілін қорлаған ақмолалық қоғамдық жұмысқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысы бойынша ҚАЖД Жақсы ауданының пробация қызметінің есепте тұрғандарының бірі ҚР ҚК 378-бабы 1-бөлігі (Билік өкілін қорлау) бойынша қоғамдық жұмыстардың 80 сағатына сотталған.
Полиция бөліміне Жақсы ауылының тұрғынынан белгісіз біреулер оның пәтеріне басып кіруге тырысқаны туралы телефон хабарламасы келіп түсті. Шақыруға келген жедел топ бір-бірімен жанжалдасып жатқан екі жігітті оқиға орнында көрді. Аудандық полиция бөліміндегі жағдайды талқылау барысында, олардың бірі мас күйде полиция қызметкеріне тіл тигізе бастаған. Тоқтатуға ықпал жасаған полицейдің де сөзін елемеген. Сол себепті ер адам қоғамдық жұмысқа тартылған.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың басынан Ақмола облысы пробация қызметінің есебі бойынша 54 адам қоғамдық жұмысқа және 503 адам мәжбүрлі еңбекке тартылған.
Қазіргі уақытта Ақмола облысының қалалары мен ауылдарын көркейтетін және қоғамға пайда әкелетін жергілікті атқарушы органдардың қаулысымен анықталған объектілерде 22 қоғамдық жұмысқа сотталған және 416 мәжбүрлі еңбекке тартылған сотталған жазасын өтеп жатыр.