Бір ай іздестірілген жылқылар табылды
Түркістан облысы полицейлері бір ай бойы іздестірілген жылқыларды арыз түскен соң 5 сағатта тауып берді,-деп хабарлайды Polisia.kz тілшісі.
Шардара аудандық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында осыдан бір ай бұрын жайылымдық жерден белгісіз азаматтар 6 бас жылқысын жасырын ұрлап кеткенін көрсеткен.Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 3 000 000 теңгеге жуықтайды. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді.
Тәжірибелі полицейлер орын алған ұрлық қылмысы бойынша жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізді. Көрген-білгендер сұрастырылды.Жақын аймақтарды мұқият тексеріп шықты.Нәтижесінде, тұрғынның 1 ай бойы сарылып, іздеп жүрген жылқыларын ұрлаған күдіктілерді тәртіп сақшылары 5 сағат ішінде тауып берді.
Қылмыстың «ізін суытпай» ашып, мал ұрлығымен айналысқан екі адамнан тұратын топты құрықтады.Өз үйлерінде ұсталған күдіктілердің екеуі де Мақтаарал ауданының тұрғыны болып шықты. Олар жайылымда бос жүрген жылқыларды айдап, арнайы апарған «Газель» көліктеріне артып кетіп, төртеуін мал базарға апарып сатып, қаражатын өз қажеттіліктеріне жаратқан. Қалған жылқылар айғақты зат ретінде күдіктілердің үйлерінен табылып, тәркіленіп алынды. Қазіргі таңда жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданды.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға төрт түліктеріңізді жайылымға қараусыз жібермеуді сұрайды.Оған қоса, малдарыңызға уақытылы сырға, ен-таңбаларын салдыртқандарыңыз дұрыс. Қора-жайларды мықты материалдардан тұрғызып, жарықтандырып, мүмкін болса аулаңызға бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береді.