Бір дүкенге екі рет ұрлыққа түскен жетісайлық ұсталды
Бір дүкенге екі рет ұрлыққа түскен жетісайлық ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ-ға құрылыс заттарын көтерме бағада сататын дүкен иесі, жергілікті тұрғын арызданады. Кәсіпкердің айтуынша, сағат 04:00 шамасында оның дүкеніне белгісіз біреу есігін бұзу арқылы заңсыз кіріп, ұрлық жасамақшы болған. Десек те дабыл қаққан сәтте, ұры ойына алған ісін соңына дейін жеткізе алмай, қашып кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды.
Аталмыш ұрлық қылмысын жасауға оқталу жайты бойынша Жетісай АПБ Криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шарасы жүргізіледі. Полицейлер барлық қажетті шараларды іске асырып, күдіктінің жеке басын анықтайды. Оны тұрғылықты мекен жайынан ұстап, АПБ-ға жеткізеді. Дүкенге ұрлыққа түспек болған күдікті, бұрын сотты болған, Мақтаарал ауданының тұрғыны, құрылыс дүкенінің тұрақты келушісі болып шықты.
Осы қылмыстық істі тергеп-тексеру және күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында, тәртіп сақшылары жүйелі жұмыстарды атқарды.
Соның нәтижесінде күдіктінің 2020 жылы желтоқсан айында танысымен бірге аталған құрылыс дүкеніне ұрлыққа түскені белгілі болды. Ол кезде көше бойында жан баласы жоқ, тыныш кезде, яғни таңға таяу ұрлыққа түскен екеу, дүкеннің кассасында тұрған әртүрлі купюрадағы жалпы құны екі миллион теңгені жымқырғаны анықталды. Осыған орай күдіктінің сыбайласы да АПБ-ғажеткізілді. Екеуі де өз кінәларын толық мойындады. Сыбайласының бас шарасы «қолхатта». Ал, басты күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өздеріңізге тиесілі сауда орындарын, басқа да ойын-сауық мекемелеріне арнайы дабылқаққыш пен бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береді.