Бір күнде төрт көлікті заңсыз айдап әкеткен жас жігіт ұсталды
Қарағанды қаласының тұрғыны бір күн ішінде төрт автокөлікті заңсыз айдап әкеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17 желтоқсан күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Киров полиция бөліміне қаланың үш бірдей тұрғыны хабарласқан. Олар белгісіз біреудің өздеріне тиесілі автокөліктерін айдап әкеткені туралы арызданған.
Мәселен, белгісіз біреу 63 жастағы азаматтың құны 400 мың теңге тұратын «ВАЗ-2106» автокөлігін айдап әкетсе, тағы біреу 35 жастағы жәбірленушінің құны 700 мың теңге тұратын «Мерседес» автокөлігін қолды қылған.
Арада бір сағаттай уақыт өткеннен кейін үйлердің бірінің ауласынан белгісіз азамат 32 жастағы қала тұрғынының құны 3.5 млн теңге тұратын «Пассат» автокөлігін ұрлап әкеткен.
Кейін қаскүнем үш көлікті де Қарағанды қаласының басқа аудандарында тастап кеткен. Полиция қызметкерлері бұл қылмыстардың барлығын бір адам істеуі мүмкін деген болжам жасады.
Үш көлікті ұрлаған азамат Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Оңтүстік-шығыс полиция бөлімі қызмет көрсететін аумақтан төртінші көлікке ауыз салды.
Ол бұл жолы қаладағы базарлардың бірінің маңынан құны 1,5 млн теңге тұратын «Lexus» автокөлігін айдап әкеткен. 32 жастағы жәбірленуші көлігін белгісіз біреудің заңсыз айдап әкеткені туралы бірден полиция қызметкерлеріне хабарлаған.
Көлікті табу, күдіктіні ұстау бойынша «Тосқауыл» операциясы басталды.
Қарағанды қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция қызметкерлері қала орталығындағы көшелердің бірінен ұрланған көлікті байқаған.
Аталған көлікті 22 жастағы азамат басқарып келе жатқан. Ұсталған күдікті төрт көлікті де заңсыз айдап әкеткенін мойындады.
Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабына (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.