Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бірінші сынып оқушыларына жолдағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді

Маңғыстаулық полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін түсіндіру мақсатында бірінші сынып оқушыларына ашық сабақ өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ішкі істер органдарының қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған түрлі іс-шараларды үнемі ұйымдастырып тұрады. Олардың ішінде жас жаяу жүргіншілерге де ерекше назар аударылған.

Жуырда полицейлер бірінші сынып оқушылары арасында қауіпсіздікті арттыруға бағытталған ашық сабақ өткізді. Ашық сабақ барысында жол қозғалысының кішкентай қатысушыларына жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрыстың негізгі ережелері түсіндірілді.

Жаяу жүргіншілерді қағып кету деректері – жол-көлік оқиғаларының ең көп таралған түрлерінің бірі. Облыс бойынша 2020 жылдың 12 айында жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған 126 жағдай тіркелген. Салдары адам өліміне әкелетін жол апаттарының көп бөлігі қараңғыда, жүргізушіге жолға шыққан адамдарды көру қиын болған кезде орын алады.

Полиция қызметкері Еркін Әбілтаев балаларға реттелетін және реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінен өту бойынша, қоғамдық көліктегі жүріс-тұрыс ережелері сияқты маңызды ережелерді түсіндіріп, жолда мұқият және сақ болу қажеттігін еске салды, сондай-ақ ол бүлдіршіндерді жаяу жүргіншілер өткелінен өту кезінде асықпауға шақырды.

Ашық сабақ барысында инспекторлар оқушыларға жол қозғалысы ережелері бойынша зияткерлік ойындар ұйымдастырды. Балалар ойынға қуана қатысты.

Сабақ соңында полицейлер оқушыларға зияткерлік ойындардың нәтижелері бойынша грамоталар табыстап, ал оқушылар өз кезегінде басқа жаяу жүргіншілерге де үлгі болатындары туралы полицейлерге уәде берді.

– Балаларға жол қозғалысы ережелерін жастайынан, олар өз беттерінше үйден тыс жерлерге шыға бастаған сәттен бастап үйрету керек. Жолдағы қауіпсіздік ережелерін тек айтып түсіндіріп қана қоймай, олардың жолдардан қалай жүріп, қалай өту керектігін де көрсету қажет. Балалар тек ережені білумен ғана шектелмей, жолда қауіпсіздік ережелерін сақтауы да тиіс», – деп атап өтті өңірдің бас полицейі Жанарбек Бақтыбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру