Бірнеше тұрғынды сан соқтырған түркістандық әйел қолға түсті
Түркістан облысының полицейлері бес тұрғынды алдаған күдікті әйелді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы ауданы ПБ-ға жергілікті бес тұрғын арызданып келген. Олардың айтуынша, ортақ танысы мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алып беремін деп, сенімдеріне кіріп, әрқайсысынан 60 мың-70 мың теңге аралығында ақша алып отырған. Осылайша оларға 350 мың теңгеден астам шығын келтірген.
Аталған дерек ҚК 190-бабы (Алаяқтық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Полиция қызметкерлері хабар түсісімен күдіктіні анықтау мақсатында тиісті шаралардың барлығын жүргізді. Тәртіп сақшыларының жан-жақты жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті әйел ұсталды. Ол жәбірленушілердің ауылдасы болып шықты. Қазіргі таңда күдікті азаматша ПБ-ға жеткізіліп, тергеу амалдары жүргізілуде.Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға алаяқтардың айласына алданбай, барынша абай болуды ескертеді. Егер де, сіз, осындай жайттың құрбаны немесе куәсі болсаңыз бірден полицейлерге «102» нөмірі арқылы хабарласыңыз.