Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бірнеше ұрлыққа қатысы бар ер адам ұсталды

Түркістан облысының полицейлері садақа жәшіктерімен ұялы телефон ұрлығын жасаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мақтаарал ауданында тәртіп сақшылары дүкен мен шеберханада жасалған  бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысына  қатысы бар жергілікті тұрғынды «ізін суытпай» ұстады. Нысандардың кіру есігін бұзу арқылы кірген күдікті бір түн ішінде дүкендерден ұялы телефондар мен садақа жәшіктеріндегі ақшаны ұрлап кеткен.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті мас күйінде, қолда бар құралдардың көмегімен түнде дүкеннің кіреберіс есігін ашып, 230 мың теңгедена стам тұратын жеті ұялы телефонды жымқырған. Одан кейін жігіт тағы бір дүкен мен телефон жөндеу шеберханасын тонап, қайырымдылыққа арналған жәшіктерден 25 мың теңге ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған.

Мақтаарал АПБ-ның полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында бір тәулік ішінде күдіктіні құрықтап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Ол бұрын сотталған және бірнеше рет әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартылған Мақтаарал ауданының тұрғыны болып шықты. Ұрланған заттарды сатып, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсағаны анықталды.

Қазіргі уақытта аталған жайттар ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Полиция қызметкерлері күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өз мүліктерін сақтау үшін қауіпсіздік шараларын қабылдау қажеттігін ескертеді. Дүкендердің, шеберханалардың және басқа сауда нүктелерінің иелері мүмкіндігінше бейнебақылау камераларын, терезелерге темір торларды және кіретін есіктерге сенімді құлыптарды, сондай-ақ күзет сигнализациясын немесе «дабыл түймесін» орнатуы тиіс. Сондай-ақ, бағалы заттар мен ақшаны сенімді жерлерде сақтап, бөгде адамдардың көзі түспейтіндей етіп қорғау керек. Егер сіз осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102″ телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру