Биыл Атырау облысында қоғамдық көлік жүргізушілерінің қатысуымен 9 ЖКО тіркелген
Биыл Атырау облысында қоғамдық көлік жүргізушілерінің қатысуымен 9 ЖКО тіркелген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласы аумағында жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық көлік автопарктері өкілдері мен Яндекс, InDrive такси қосымшаларының өңірлік жетекшілерінің қатысуымен жол қозғалысы қауіпсіздігіне бағытталған жиын өтті.
– Жолдағы қауіпсіздік тікелей жүргізушінің жауапкершілігінде. Қазір жылдамдық арттырмау бағытында жүргізушілерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атырау қаласынан шығатын 4 тасжолдың бағытында кешеден бері көліктердің барлығына, 5700-ден астам көлікке тоқтатылып түсіндірме жұмысы жүргізілді. Өздеріңіздің автопарктеріңізде қызмет ететін барлық көлік жүргізушілеріне үнемі осылай қадағалап, жол қауіпсіздігін түсіндіріп отыруларыңызды сұраймыз. Біздерден тиісті ақпараттарды алып, үнемі жұмыс чаттарыңызда бөліссеңіздер болады. Қазір жергілікті полиция қызметі басқармасы барша ірі компанияға барып түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Мақсат – жол апаттарының алдын алу – деді Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Абдіғани Сейдуалиев.
Сондай-ақ жиын барысында Атырау қаласы аумағындағы жол қауіпсіздігі туралы және жол апаттарының алдын алу мақсатында автобус жүргізушілері мен такси жүргізушілері жиі жол беретін заң бұзушылықтар туралы айтылды.
– Батальон командирі ретінде бірнеше мәрте қоғамдық көлік жүргізушілерінің автопаркіне барып, түсіндірме жұмыстарын жүргіздім. Жол қозғалысының қауіпсіздігі бойынша іс-шаралар қабылдау барысында тек қана заңға сай талдауға сүйенбейміз, қоғамдағы тұрғындардың талап-тілектерін де ескеріп жатамыз. Қазіргі таңда жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне тұрғындар да алаңдатушылық танытуда. Сол себепті, полиция басқармасының ресми парақшаларына, телеграм-чаттарға автобус жүргізушілерінің маневр қағидасын бұзуы, жылдамдық асыруы, көлік жүргізу кезінде телефон қолдануы сынды ақпараттарды да жеткізіп отырады. Тиісінше, полиция заң аясында шара қолданады. Қоғамдық көліктердің заң бұзушылықтарынан бөлек, жол-көлік оқиғаларына да қатысуы алаңдатады. Жыл басталғалы мұндай 9 дерек тіркеліп отыр. Жыл басынан бері Атырау қаласы аумағында 74 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 76 адам дене-жарақатын алып, 13 адам қаза тапты. Адам шығынына алып келген жол апаты болған көшелер ерекше бақылауға алынады, батальон қызметкерлері жан-жақты талдау жұмыстарын жүргізеді, – деді Атырау қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Дәурен Насиполла.
Жиын соңында автопарк өкілдері өздерінің қала көшелерінде қоғамдық көліктер қозғалысына кедергі келтіретін мәселелерін айтып, полицейлер дереу шешім қабылдайтындықтарын жеткізді. Сондай-ақ жол қауіпсіздігіне атсалысу үшін арнайы Telegram-чат жұмысы ұйымдастырылатын болды.