Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысының ПД бастығы жыл басынан бері 171 тұрғынды қабылдады

Жамбыл облысының ПД бастығы жыл басынан бері 171 тұрғынды қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ашық қоғамды қалыптастыру, “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асыру және азаматтардың сұраныстарына уақытылы ден қою процестерінің негізгі маңызды бөлігі – азаматтарды апта сайын қабылдау. Бұл туралы Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин өзінің фейсбуктегі парақшасына жазды.

– Осы аптада менің қабылдауыма 15 азамат келді. Сарысу ауданының 28 жастағы тұрғыны WhatsАpp топтары арқылы тауарларға тапсырыс жасап, алаяққа ақша берген. Ол өз тауарын 11 ай бойы күткен. Интернет қолданушылары бейтаныс адамдарға көзсіз сеніп, ақша жіберетін жағдайлар, өкінішке орай, көп кездесуде. Қазір желіде жалған интернет-дүкендер мен жеке жарнамалар өте көп. Ғаламтор арқылы тауарларды сатып алғанда абай болыңыздар!, – деп ескертті Арманбек Баймурзин.

Байзақ ауданының тұрғындары мал ұрлығы дерегі бойынша жүгінген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері бірнеше малды тапқан, бірақ ауыл тұрғындары бұл ұрланған малдың барлығы емес деп отыр. Алайда ветеринариялық паспорттарының болмауына байланысты дәлелдей алмайтындарын айтуда. ПД бастығының тапсырмасымен істі тергеп-тексеру үшін Тараздан арнайы топ жіберілетін болды.

ПД бастығы ауыл тұрғындарына әрбір үй жануарына ветеринарлық төлқұжат алудың маңыздылығын атап айтты. Осылайша, ұрланған малдың иесі екеніңізді дәлелдеу оңайырақ болады. Барлық өтініштер бойынша жауапты бөлініс басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Облыстың бас сақшысы тұрғындардың әрқашан өтініш-тілектерін тыңдауға және сындарлы ұсыныстарды бірге талқылауға дайын екенін жеткізді. 

ПД бастығының қабылдауына 8(7262)99-72-94 нөмірі бойынша жазылуға болады.

Жыл басынан бері ПД бастығы 171 тұрғынды, оның орынбасарлары 34, қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің басшылығы 914 адам қабылдаған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру