Блок-бекеттегі сақшылар да дәрігерлердің бақылауында
Жамбыл облысының блок-бекеттеріндегі полиция қызметкерлерінің денсаулығы дәрігерлердің бақылауына алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Блок-бекеттерінде тұрған полиция қызметкерлерінің денсаулығы Жамбыл облысы Полиция департаменті емханасы бар госпиталінің медицина қызметкерлерінің күнделікті бақылауында.
9 сәуірде үш дәрігерден құралған бригада блок-бекеттерді аралап, полиция қызметкерлерінің жай-күйін тексерді.
ПД госпиталінің басшысы Айгүл Масельбекованың айтуынша, дәрігерлер полицейлердің жалпы денсаулық жағдайын тексеріп, дене қызуын өлшейді, сондай-ақ короновирустық инфекциядан қорғану бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізеді.
«12 сағат сайын ауысып тұратын блок-бекеттегі қызметкерлердің әрбірінің денсаулығы біздің ұдайы бақылауымызда. Бүгінгі тексерілген қызметкерлердің жағдайы жақсы, олардан шағымдар түскен жоқ. Күнделікті бақылау жүргізу – жауапты қызметтегі әріптестеріміздің денсаулығын сақтауға бірден-бір үлес деп есептеймін», – деді Айгүл Масельбекова.