Блок-бекеттерді айналып өтуге тырысқан азаматтар жауапқа тартылуда
Алматы облысының тұрғындары қалай болса да блок-бекеттерді айналып өтуге тырысуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінгі күнге дейін облыстың 48 тұрғыны ҚР ӘҚбК 476-бабының талаптарын бұзғаны үшін жауапқа тартылған. Оның 30-ы әкімшілік қамаққа алынса, қалғандарына 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған.
«Талдау бойынша төтенше жағдай жарияланғанда тұрғындардың 60 пайызы қала мен облыс арасында қажеттілік бойынша қатынас жасауға мәжбүр болған. Өйткені олардың жұмыс орны, білім алуы есепке алынды. Ал, қазір ондай қажеттіліктер жоқ. Осыған орай, айналып өтуге тырысатындар саны азайды. Аз болғанмен, кейде кездеседі»,- деді Алматы облысы ПД ӘПҚ бастығы полиция полковнигі Дәулет Молдаханов.
Атап айтқанда, жақында Іле ауданының тәртіп сақшылары төтенше жағдай тәртібін бұзуға әрекет еткен Қоянқұс ауылының 30 жастағы тұрғынын ұстаған. Ол өтуге тыйым салынғанын біле тұра Алматы қаласының Көкжиек ауданына өтіп кетпекші болған.
«Алайда, құқық бұзушының жымысқы ойы жүзеге аспады. Ұсталған азаматша өз кінәсін мойындады. Оған ҚР ӘҚбК 476-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, құқық бұзушының бұған дейін ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабына сәйкес денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша сотталғаны және пробациялық бақылауда есепте тұрғандығы белгілі болды»,- деп атап өтті полиция подполковнигі Молдаханов.