Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Боранда адасып қалған 3 жүргізуші 4 тәуліктен соң табылды

Созақ аудандық полиция бөлімшесіне 26 қаңтар күні Шымкент қаласының тұрғыны хабарласып, Қарағандыдан Түркістан облысы арқылы ауыр жүк көлігімен келе жатқан ағасымен хабарласа алмай, байланыс жоғалтқандығын айтып арызданады. Созақ аудандық полиция бөлімшесінің полицейлері арызды қабылдап, бірден іздестіру жұмыстарына кіріседі. Арызданған азаматтың ағасымен бірге тағы да ауыр жүк көліктерімен жолға шыққан екі ер азаматтың бар екендігі де белгілі болады.

Созақ АПБ-нің полиция қызметкерлері ауа райының күрт нашарлағандығын ескере отырып, төтенше жағдайлар қызметінің қызметкері, ерікті деген жергілікті тұрғындармен жол талғамайтын көліктерге мініп, боранды күні адасып қалған жүргізушілерді іздеп табуға жолға шығады.

Осылайша тиянақты жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 3 ауыр жүк көлігінің жүргізушілері Созақ ауданының Бетпақдаласынан табылды. Белгілі болғандай олар Қарағандыдан Созақтағы төте жолдар арқылы Шымкенттегі үйлеріне уақыт үнемдеп тезірек жетпекші болған. Алайда ауа-райы өзгеріп,  жауған қар мен боранның әсерінен келе жатқан жолдарынан адасып, көліктерімен омбы қарға батып қалған.

Көмекке келген полиция қызметкерлері жолға шығардан бұрын жүк көліктеріне керекті 400 литрдей дизель жанармайы және азық-түліктермен қамданып алған болатын. Жүргізушілер табыла салысымен оларға азықтар үлестіріліп, қажетті көмектер көрсетілді. Үш жүк көлігіне де қажетінше жанармай құйылып, жолға шығуға дайындады.

Өз кезегінде аязда адасып қалған үш ер азамат та шексіз алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру