Бөтеннің көлігін ұрлап, жол апатына түсті
Түркістан облысының полицейлері тұрғынның көлігін заңсыз айдап кетіп, жол апатын жасаған күдіктіні құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт АПБ-не аудан көшелерінің бірінде жол-көлік оқиғасы орын алғаны жөнінде хабарлама келіп түседі. Хабарлама алысымен полицейлер тез арада оқиға орнына жетеді. Тексеру кезінде жергілікті тұрғын мас халде «ВАЗ 21051» көлігін тізгіндеп, автокөліктің басқару жүйесін игере алмай қарсы бағытқа шығып кетіп, қарама-қарсы бағытта келе жатқан «Volkswagen Golf» маркалы көлігімен соқтығысқаны белгілі болды. Жол-апаты салдарынан «Volkswagen Golf» көлігінің бір жолаушысы көз жұмады.
Тәртіп сақшылары жол апатына кінәлі жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде көлік өзгенікі екенін анықтады. Яғни жол апатын жасаушы мас халде көше бойында есігі ашық тұрған «ВАЗ» маркалы көлікті байқап, ешкім жоқтығын пайдаланып, 10 шақырым қашықтыққа дейін заңсыз айдап кеткен. Осылайша өзгенің көлігін жымқырып, онымен қоймай жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған.
Аталған жайттар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 345-1-бабы (Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) мен 200-бабы (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша тіркелді. Бас шарасы қамауда. Алайда кінәлі жүргізуші жол апаты салдарынан бел омыртқасынан жарақат алып, ауруханаға жатқызылған. Қазіргі таңда жинақталған іс-құжаттар айыптау актісімен сотқа жолданды.
Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне көліктерін қараусыз қалдырмауды ескертеді. Сондай-ақ, автокөліктердің есіктері мен терезелерін ұзақ уақыт ашық тастамаңыз. Осындай оқыс жағдайға тап болсаңыз немесе куәгері болсаңыз, шұғыл полицияның «102» телефонына хабар беріңіздер. Көлік басқарғанда ішімдік ішпеңіздер, жол қауіпсіздігі ережелеріне мұқият болыңыздар!