Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының бас полицейі тұрғындарға алғыс айтты

Түркістан облысының бас полицейі “Facebook-тегі” желі қолданушыларына 400-ден астам жарияланым жасап, алғысын айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков әлеуметтік желі қолданушыларына есеп берді. Департамент бастығының әлеуметтік желідегі жеке “Facebook” парақшасы 2019 жылдың сәуірінде ашылған, оның бес мың досы мен екі мыңнан астам жазылушысы бар. Содан бері департамент бастығы желі қолданушыларымен тығыз байланыста. Апта сайынғы қабылдауынан бөлек, қосымша тұрғындардың өтініші бойынша олармен жүздесіп, мәселелерінің шешілуіне өз септігін тигізген. Шешімін таппаған арыз-шағымдар мен жеке мәселелері бойынша өтініш жасаған жандарды да полиция басшысы әрдайым мұқият тыңдап, қызметкерлерге сол бойынша тиісті тапсырмаларын берген. Жеке парақшасына түскен бірде-бір сауал жауапсыз және полицейдің назарынсыз қалмаған. Яғни полиция генерал-майоры өткен 2020 жылы жеке парақшасына 400-ден астам жарияланым жасап, оған түскен 100-ге жуық сауал мен мессенджеріне қосымша түскен хабарламаларға да өз мерзімінде жауап қайтарған. Өйткені Полиция департаментінің ресми парақшаларынан бөлек, бас полицейге сенім білдіріп, көмегіне жүгінетіндер көп.

Өз кезегінде департамент бастығының жазбаларына желі қолданушылары да риясыз ризашылықтарын білдіретін түрлі жазбалар мен түсіндірмелерді (комментарий) қалдырған, бас полицейдің жұмысына алғыс айтқан арнайы посттарды жариялаған.

Мәселен желі қолданушысының бірі А.Налибаева: – Иә, сізге де үлкен рахмет, рас, уақыт тауып сұраққа жауап беріп, жеке қабылдауға шақырып істерді өзіңіз қадағалап отырдыңыз. Полиция қызметкерлеріне де тергеуші жедел іздеу тобына да алғысым шексіз…, – десе, басқа да азаматтар – Е.Қуандықов: Өткен жыл оңай болмады. Елге, халыққа сынақтар түсті. Жұмыстарыңыз табысты, берекелі болсын. Халық пен полиция жақындай түссін. Ауызбіршілік артсын!

Г.Усенова: – Сіздей халыққа жақын басшы көбейсін!

К.Рысметов: – Иә, рас! Ашық болғаныңыз үшін де сын мен арыз-шағымдар азайды. Жаңа жылда қызметіңізге сәттілік тілеймін!, – деп көптеген қолданушылар Қ.Дәлбековтің жұртқа жақындығы мен қызметте ашықтығына алғыстарын жаудырып жатты.


Яғни генералдың дәл осы постына 400-ден астам адам лүпіл (лайк), 134 адам жағымды пікір қалдырған. Ал 15 адам өз парақшаларына бөліскен.

Облыстың бас полицейі өз жазбасының соңында: – Әлеуметтік желідегі жұмыстарыма есеп бере отырып, сіздердің тараптарыңыздан түскен арыз-шағымдардың шешілуіне септігім тиіп, сіздерге көмектессем, сіздерден соған сай “рақмет” деген алғыстарыңызды алсам, ол мен үшін үлкен мәртебе. Бұдан былайғы кезде де сіздер үшін мен міндетті түрде уақыт тауып, уәждеріңізге мән беретінімді білгейсіздер. Келер жылға үлкен үмітпен қарай отырып, халқымыз дін аман, алдағы күндеріміз жақсылыққа, жағымды жаңалықтарға толы болады деп сенемін. Менімен бірге болғандарыңыз үшін РАҚМЕТ! ӘРДАЙЫМ БАЙЛАНЫСТАМЫЗ!” – деді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру