Алматы облысында Ұлттық ұланның әскери бөлімінде кітапхана пункті ашылды
Алматы облысында Ұлттық ұланның әскери бөлімінде кітапхана пункті ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысында Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің рухани-танымдық дамуына бағытталған игі бастама жүзеге асты. 2 қарашада Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінде жаңа кітапхана пункті ашылды.

Жоба Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының бастамасымен қолға алынған. Оның негізгі мақсаты – әскери қызметшілер арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, білімге деген қызығушылығын арттыру және зияткерлік әлеуетін дамыту.

Жаңа кітапхана пункті мерзімді әскери қызметшілерге бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуге, көркем әдебиет пен танымдық шығармаларды оқу арқылы дүниетанымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бастама жас сарбаздардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, рухани дамуына ықпал етуді көздейді.

Айта кетейік, әскери бөлімнің мерзімді қызметтегі сарбаздары республикалық "Кітап оқитын ұлт" марафонына тіркеліп, жобаға белсенді қатысып келеді. Марафон жастардың әдебиетке қызығушылығын арттырып, кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдыруға бағытталған.
Әскери бөлімде кітапхана пунктінің ашылуы – кітап оқу мәдениетін әскери ортада кеңінен насихаттауға жасалған маңызды қадам. Мұндай бастамалар әскери даярлықпен қатар, сарбаздардың рухани кемелденуіне, білім көкжиегін кеңейтуіне және жан-жақты дамуына жол ашады.
Еске сала кетейік, биыл Ұлттық ұланда "BOOKGUARD" әдеби челленджі ұйымдастырылды. Жобаның алғашқы жартыжылдығында сарбаздар төрт мыңнан астам кітап оқыған.
