"Қауіпсіз үй" ЖПІШ: Ақмола облысында 12 мыңнан астам азаматпен профилактикалық жұмыс жүргізілді
Ақмола облысында 5 қазанда басталған "Қауіпсіз үй" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды. Бір айға созылған рейд барысында полиция қызметкерлері 825 мекенжайды тексеріп, 12 мыңнан астам азаматпен профилактикалық жұмыс жүргізді , – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара аясында полиция, пробация қызметі, жергілікті атқарушы органдар мен қоғам өкілдерінен арнайы мобильді топтар құрылды. Олар профилактикалық бақылауды қажет ететін азаматтар тұратын үйлер мен пәтерлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Рейд барысында профилактикалық есепте тұрған 12 396 азаматпен жеке әңгімелесу өткізілді. Олардың қатарында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар, әкімшілік қадағалаудағы адамдар, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылық жасағандар, соттылығы өтелмеген азаматтар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың өкілдері және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар бар.
Тексеру нәтижесінде Көкшетау, Степногорск қалалары мен Ақкөл, Астрахан және Атбасар аудандарының бірқатар тұрғынына қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші жойылды.
Сонымен қатар көші-қон заңнамасының сақталуына ерекше назар аударылды. Бұл бағытта 197 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде Қазақстан аумағында заңсыз жүрген 111 шетелдік азамат белгілі болды.
Полиция қызметкерлері азаматтық қаруды сақтау талаптарының орындалуын да тексерді. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша облыстың 73 тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында тұрғындарға құқықтық көмек көрсету жұмыстары да жүргізілді. Бір ай ішінде 7 мыңнан астам азамат консультациялық және құқықтық көмек алды.
Полицейлер халықпен кездесулер ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ азаматтарды полиция пункттерінде қабылдап, тұрғылықты мекенжайларына барып, құқықтық мәселелер бойынша кеңес берді.
