Маңғыстау облысында есептегі екі сотталған жазадан мерзімінен бұрын босатылды
Бейнеу ауданында екі сотталған мерзімінен бұрын жазадан босатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында пробация қызметінің есебінде тұрған екі сотталған азаматтың мінез-құлқының оң өзгеруі мен түзелу жолындағы нақты қадамдары ескеріліп, олар сот шешімімен жазасын одан әрі өтеуден мерзімінен бұрын босатылды.
Бұл – жай ғана сот шешімі емес, адамның өз өміріне деген көзқарасын өзгертіп, қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік берген жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Аталған нәтижеге Бейнеу аудандық пробация қызметі бөлімінің Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлескен жұмысы арқылы қол жеткізілді. Пробация қызметінің мамандары есепте тұрған азаматтармен жеке профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың құқық бұзушылыққа қайта бармауына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және өмірде дұрыс бағыт таңдауына қолдау көрсетіп келеді.
Әсіресе азаматтардың бірі үшін пробация кезеңі өміріндегі маңызды өзгерістерге жол ашты. Ол тұрақты жұмысқа орналасып, отбасымен арадағы қарым-қатынасын реттеп, жақындарымен байланысын қалпына келтіре алды. Бұл – оның қоғамдағы өз орнын қайта табуға, еңбекке араласып, отбасы алдындағы жауапкершілігін сезінуге жасаған маңызды қадамдары.
Сотталған азаматтардың мінез-құлқындағы оң өзгерістерді, түзелу жолындағы талпыныстарын және заң талаптарын сақтауын ескере отырып, пробация қызметінің қызметкерлері сотқа жазаның өтелмеген бөлігінен босату туралы тиісті ұсыныстар енгізді. Ұсыныстарды қарау нәтижесінде сот екі азаматқа қатысты оң шешім қабылдады.
Бейнеу аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Қазына Койшыбаеваның айтуынша, пробация қызметінің басты мақсаты – тек бақылау жүргізу емес, азаматтардың түзелуіне және қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ету.
– Біз үшін әрбір оң нәтиже – жүргізіліп жатқан жұмыстың жемісі. Адамның өз қателігін түсініп, өмірін жақсы жаққа өзгертуге талпынуы, жұмысқа орналасуы, отбасымен қарым-қатынасын қалпына келтіруі – үлкен жетістік. Пробация қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – осындай азаматтарға қолдау көрсетіп, олардың қоғамға қайта оралуына жағдай жасау. Әр адамның түзелуге және жаңа өмір бастауға мүмкіндігі бар. Ең бастысы – сол мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, өзгеруге деген ниет болуы керек, – деді Қазына Қойшыбаева.
Өз кезегінде мерзімінен бұрын босатылған азаматтар пробация қызметінің мамандарына көрсеткен қолдауы, түсіністік танытып, дұрыс жолға бағыттағаны үшін алғыстарын білдірді.
