БҚО-да 600-ге жуық полицей күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр
БҚО-да 600-ге жуық полицей күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Су тасқыны кезеңінің басынан бастап Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Күн сайын облыс бойынша қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға 600-ге жуық полиция қызметкері мен су тасқынына қарсы жұмыстарға 136 бірлік қызметтік техника жұмылдырылды. Сонымен қатар 400 қызметкер резерв қатарында.
Елді-мекендерден 13 614 адам (5 653 бала), оның ішінде 2189 адам (1052 бала) қауіпсіз аймаққа көшіріліп, эвакуацияланды. Қалғандары туысқандарына жіберілді. Эвакуацияланған 234 тұрғыннан уақытша сақтаудағы 317 бірлік азаматтық қару тәркіленді. Барлық қару полиция бөлімдерінде күзетілуде.
Қазіргі таңда жалпы су тасқынынан қорғау жұмыстарына 1406 қызметкер мен 152 техника жұмылдырылды. Соның ішінде, полиция қызметінен 580 қызметкер мен 136 қызметтік техника, ҚР ҰҰ 551ә/б 380 қызметкер мен 16 техника, ҚР ҰҰ Шымкент қаласының 6506 әскери бөлімінен 300, ҚР ҰҰ Қызылорда қаласының 5547 әскери бөлімінен 200 қызметкер жұмылдырылды. Сонымен қатар 400 қызметкер тәртіп сақшылары резервінің қатарында.
Сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметкерлері қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, авариялық-құтқару жұмыстарына қатысады, тұрғындарды эвакуациялайды, малды айдайды, құмды түсіруге, жағалауды нығайту құрылыстарын салуға көмек көрсетеді.
Үйлерді су басқан елді мекендерде полиция қызметкерлері азаматтардың мүлкін қорғау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруда. Қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні тонау фактілері тіркелген жоқ.
Су басқан үйлерден мүлікті ұрлау фактілері бойынша көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ҚК-нің 274-бабы бойынша жаза көзделген.
Полиция қызметкерлері суға кеткен аумақтарда азаматтарды эвакуациялау жұмыстары үшін материалдық құралдармен жабдықталды.