Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысының полициясы тұрғындардан бейнебайланыс арқылы шығатын алаяқтарға алданбауды сұрайды

Жетісу облысының полициясы тұрғындардан бейнебайланыс арқылы шығатын алаяқтарға алданбауды сұрайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Соңғы кездері азаматтарға жалған полиция қызметкерлерінен WhatsApp мессенджері арқылы бейне қоңыраулар түсе бастаған.

Бүгінгі таңда алаяқтар азаматтардың ақшасын иемдену үшін неше түрлі тәсілдер қолданып жатыр. Өткен күндері республика бойынша мессенджерлер арқылы бейнебайланыс арқылы бірқатар қоңыраулар тіркелген. Қоңырау шалғандар өздерін құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері ретінде таныстырған.

– Жоғары технологиялардың дамуымен қарапайым азаматтарды алдау тәсілдерінің түрлері де артып жатыр. Нейрондық желілердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, алаяқтар полицияның нысанды киіміне оңай түрде киіне алады, – деп атап өтті Жетісу облысы ПД баспасөз қызметінде.

Кез-келген алаяқтың бастапқы мақсаты – әңгімелесіп отырған адамды алдап, үрейге бой алдыру.

– Егер сізге қоңырау шалып өзін құқық қорғау қызметкерімін деп таныстырса, бұл жерде сасқалақтап қалу мүмкіндігінің бары сөзсіз. Себебі, олардың қоятын сұрақтары, бір қарағанда, сіздің әмияныңызға кіру мақсатына байланысты емес болып көрінеді. Саналы түрде әрқайсымыз қандай да бір қылмыстық қудалаудан қорқамыз. Бұл сізді ақылға қонымды шешім қабылдауды тоқтатуға мәжбүр ететін және сыни тұрғыдан ойлау қабілетін толығымен өшіретін психологиялық амал, – деп түсіндірді департамент өкілі Меруерт Морякова.

Алаяқтар жалған құжаттарды және ашық көздерден алған ішкі телефон нөмірлерін, нағыз қызметкерлердің аттарын, деректерін және фотосуреттерін көрсетуі мүмкін. Алаяқтар кейбір кезде банктің қызметкерлерін ұстау бойынша арнайы операцияларды жүргізуде жәрдем көрсетуді сұрайды. Бірақ түпкілікті нәтиже бір – олар несие рәсімдеп, одан кейін ақшаны өз шотына аудару керектігін айтады. Яғни, бұл банк қызметкерлерінің әрекеттерін бақылау үшін қажет деп сендіреді. Алаяқтар алдаған кезде нақты нұсқаулар беріп отырады.

– Полиция қызметкерлері еш уақытта банк шоттары мен дербес деректер туралы мәліметтерді нақтылауды сұрамайтынын есте ұстаған жөн. Әсіресе қандай да бір арнайы операциялар жүргізуге жәрдемді де сұрамайды, – деп атап өтті М. Морякова.

Құрметті азаматтар! Егер сізге қоңырау шалып өздерін ведомство қызметкерлері ретінде таныстырса, онда “иә” немесе “жоқ” сияқты сөз тіркестерін айтпаңыз, өйткені оларды кейіннен биометрика үшін қолдануы мүмкін. Ешқандай деректерді жария етпеңіз және телефонды дереу қойыңыз.

Есіңізде болсын: егер ведомстволардың нақты қызметкерлері сізді іздеген болса, онда олар ресми шақыру қағазын жібереді немесе айғақтар беру үшін жақын маңдағы полиция бөлімшесіне шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру