БҚО-да көшеде өтіп бара жатқан тұрғын мен полицейлер өз-өзіне қол жұмсамақ болған азаматты құтқарып қалды
БҚО-да көшеде өтіп бара жатқан тұрғын мен полицейлер өз-өзіне қол жұмсамақ болған егде жастағы азаматты құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шілденің 31-і күні сағат шамамен 16:30-17:00 аралығында БҚО ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері Әлішер Ғайсин мен Сәндібек Мурзағалиев және Дархан Ғалымов Орал қаласындағы Зашаған кентінде автокөлікпен өтіп бара жатып, көп қабатты үйлердің бірінде төртінші қабаттың терезесінен аяғы салбырап отырған ер адамды байқаған.
Полицейлер дереу көлікті тоқтатып, ер адамды құтқаруға жүгірген. Тәртіп сақшыларының бірі үйдің сыртында қалып, көңілін аулап, әлгі адамды әңгімеге тартқан. Қалған екі қызметкер жүгіре пәтерге көтерілген, алайда есік іштен құлыптаулы болған. Содан олар жоғары қабаттағы көршілеріне барып, пәтерге кіруге рұқсат сұрап, сол үйден қолға іліккен құралдардың көмегімен төменгі қабатқа түсуге әрекет жасаған. Алайда, қауіпсіздікке күмәнданған олар төменде жиналған адамдардан шынжыр арқан сұрастырған. Төменде жиналған адамдардың ішінен көлікті сүйреуге арналған шынжыр арқаны бар жігіт полицейлерге көмекке келіп, ол басқаларына қарағанда өзінің әлдеқайда жеңіл екендігін айтып, түсіруге оңай болу үшін өзін төменге түсіруді сұраған.
Сөйтіп, көмекке келген жігіт терезе алдында отырған қарияны аяғымен ішке қарай итеріп кіргізген, ал оны полиция қызметкерлері демеп, қарттың артынан ішке кіруіне ықпал етіп, бір адамның өмірін өлім аузынан арашалап қалды.
Артынан оқиға орнына басқа да полиция қызметкерлері мен құтқарушылар келіп жеткен. 69 жастағы азаматтың өміріне еш қауіп жоқ екеніне көзі жеткен жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жауынгерлері қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызметтерін атқару үшін өз жұмыстарына аттанған.