БҚО-да сот шешімін орындаудан жалтарған шетел азаматы анықталды
БҚО-да рейдтік іс-шаралар барысында сот шешімін орындаудан жалтарған шетел азаматы анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Көші-қон заңнамасын бұзған шетел азаматтарын анықтау бойынша жүргізілген рейдтік іс-шаралар нәтижесінде БҚО полиция департаменті көші–қон қызметі басқармасы қызметкерлері 2024 жылы елден шығарылған шетел азаматының Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз жүргенін анықтады.
Аталған азамат соттың елден шығару туралы күшіне енген шешіміне қарамастан, елден ерікті түрде шықпаған, сот шешімін әдейі орындамай, құқық қорғау органдарынан жасырынып жүрген. Жедел іс-шаралар барысында оның жүрген жері анықталды. Қазіргі уақытта ол ұсталып, арнайы қабылдау орнына орналастырылды. Алдағы уақытта ол елімізден мәжбүрлі түрде шығарылатын болады.
Сондай-ақ өңірде үш күндік рейдттік іс-шаралар аясында көші-қон заңнамасын бұзудың 46 фактісі анықталды. Олардың ішінде тіркеу мерзімдерін өткізіп алу және шетел азаматтарының заңсыз еңбек қызметімен айналысуы.
— Мұндай іс-шаралар республика көлемінде тұрақты түрде өткізіледі. Бұл шара “Заң мен Тәртіп” қағидатын сақтау мен заңсыз көші-қонның алдын алуға бағытталған, — деп атап өтті көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Әсел Антазиева.
Полиция шетел азаматтарының Қазақстан аумағында көші-қон режимін сақтау — олардың міндеті екенін еске салады. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, шетелдіктерге қатысты депортациялауға және Қазақстан Республикасына қайта кіруге тыйым салуға дейінгі шаралар қабылданады.