БҚО-да «Киберпол» қызметкерлері алаяқты қылмыс үстінде қолға түсірді
БҚО-да «Киберпол» қызметкерлері алаяқты қылмыс үстінде қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Желтоқсанның 4 күні БҚО «Киберпол» қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде қаладағы Астана сауда үйінде банк терминалынан қомақты ақша шешіп алып жатқан күдікті тұлғаны байқап қалады. Тағы бір күдікке ілінген жағдай – оның ақшаны Google Pay қосымшасы арқылы шешіп алғаны және ақшаны шешіп алу кезінде жан-жағына қарап, жалтақтап, бетіне медициналық бетперде кигені күдік тудырды.
Өз күмәнін сейілту үшін полиция қызметкері әлгі жігітке жақындап, өзін таныстырып, бірнеше сұрақтар қояды. Алайда жігіт оның сұрақтарына жауап бере алмай, абдырап қалады. Содан кейін полиция қызметкері мән-жайды анықтау үшін полиция бөліміне бірге баруын сұрайды. Содан істің мән-жайы белгілі болады.
Тексеру барысында полиция қызметкері алаяқты қылмыс үстінде ұстағаны анықталды. Ол алданған азаматтардың есепшоттарынан ақшалай қаражатты шешіп алған. Ұсталған азамат дроппердің рөлін атқарғаны белгілі болды. Одан 2 млн 624 мың теңге көлемінде ақша және банк карточкасы табылды.
Мән-жайды анықтау барысында полиция қызметкерлері сол күні Жамбыл облысының Шу ауданының полиция бөліміне 47 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны хабарласып, арызданғанын анықтады. Ол өз арызында телефонына белгісіз ер адамның хабарласып, өзін банктің қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушінің шотындағы 1 млн 250 мың теңге ақшасын иемденіп алған. Тексеру барысында дәл осы жігіттің ақшалай қаражатын шешіп алғаны белгілі болды.
Оқиғаның басқа да мән-жайы БҚО «Киберпол» қызметкерлерімен анықталды. Ұсталған азамат 35 жастағы Орал қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
Оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысының бар-жоғы анықталып жатыр.