БҚО ПД бірнеше ұрлық фактісін ашты
БҚО ПД бірнеше ұрлық фактісін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 1038 ұрлық фактісі тіркелді. Ол әсіресе тұрғындардың өз мүлкіне мұқият қарамауы, қараусыз қалдыруы салдарынан орын алады.
Мәселен, Орал қаласы Жәңгірхан көшесіндегі Қазпошта мекемесінде 64 жастағы К. есімді зейнеткер 1945 жылы туған Б. есімді зейнеткердің ұялы телефонын еркін түрде ұрлап алған. Келтірілген залал мөлшері 60 мың теңгені құрады. Дәл осыған ұқсас жағдай, бірақ ұялы телефонды пәтерден ұрлау фактісі орын алды.
1998 жылы туған О. есімді азамат москит торын бұзу арқылы 2000 жылы туған А. есімді азаматқа тиесілі терезе алдында тұрған ұялы телефонды ұрлаған.
Кейде тұрғындар өз мүлкіне бей-жай қарауының салдарынан залал кетіріп жатады. Мысалы, 1974 жылы туған Ж. есімді азамат өзінің банк картасын жоғалтып алған. Оны тауып алған белгісіз адам 24 463 теңгеге сауда жасаған. Арнайы қабылданған шаралар бойынша 1966 жылы туған И. азамат екені анықталды.
Сондай-ақ күнделікті өмірде велосипедпен жүру дағдыға айналып келеді. Спорт пен қажеттілікті қатар атқаратын екі дөңгелекті арбаның құны да қымбаттап тұр. Әсіресе, жаз – айласын асырушыларға оңтайлы мезгіл. Сондықтан болар БҚО аумағында жыл басынан велосипед ұрлығы бойынша барлығы 114 қылмыстық іс тіркелген. Полиция қызметкерлерімен іздестіру шаралары барысында қолды болған 25-тен астам велосипед жәбірленушілерге қайтарылған.БҚО Теректі ауданындағы Инкубатор көшесі бойындағы үйдің ауласынан 1997 жылы туған Ж. есімді азаматшаға тиесілі велосипедті жасырын ұрлап, бой тасалап қашып кеткен 1965 жылы туған А. есімді күдікті іздестіру шаралары барысында анықталып ұсталған. Велосипед иесіне қайтарылды.
Қазіргі таңда күдікті деп танылғандарға ұрлық фактісі бойынша ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігі және 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.