Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Жұртқа жақын полиция”: СҚО полицейлері модульдік бекеттердің жұмысы жайлы сөз қозғады

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері модульдік бекеттердің жұмысы жайлы сөз қозғады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавлда модуль түріндегі полицияның стационарлық 2 бекеті жұмыс істейді. Жыл басынан бері мұнда қызмет ететін қызметкерлерге 300-ге жуық азамат жүгінді. Талдау көрсеткендей, қала тұрғындары мен облыс орталығының қонақтары тек құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді шешіп қана қоймайды.

Патрульдік полиция батальонының инспекторлары атап өткендей, адамдар көбінесе жанжал мәселелерін шешу үшін көмекке жүгінеді. Сонымен қатар, кей жағдайда бекет қызметкерлері жоғалған заттарды қайтаруға басқа азаматтардың көмегімен де көмектесіп жатады. Өткен сенбі күні кешке қызмет инспекторлары Мұқыш Күшешов пен Самат Тұңғатов кезекшілікте болды. Олардың қасына жігіт пен қыз келеді. Олар саябақта орындықта қалып қойған біреудің ұялы телефонын тауып алған.

– Әрине, оларға қырағылық танытқандары, немқұрайлық танытпай, жауапты іс жасағандары үшін көп рахмет. Телефон бізге тапсырылғаннан кейін бір сағаттың ішінде оның иесі анықталып, қайтарылды, – дейді полиция қызметкерлері.

Тағы біреуі кітабын тастап кетіпті. Қалалық саябақта қала тұрғындарының қырағылығының арқасында ұмыт қалған заттар иелерін тауып жатады. Ал, бір ай бұрын патрульдеу кезінде полицейлер баланың самокатын тауып алған, бүгінде иесі әлі анықталған жоқ. Самокат Әуезов көшесіндегі стационарлық бекетте тұр.

– Мұндай модульдердің жұмысы – “жұртқа жақын полиция” қағидатын жүзеге асырудың негізгі факторларының бірі. Басты бағдар – қандай жағдай болмасын азаматтарға көмек көрсету. Осы бекеттер жұмыс істеген кезден, біз тиімділікті арттыруға бағытталған жұмысты ұйымдастыруға осындай тәсілдің қажет екендігіне көз жеткіздік, – деді СҚО ПД бастығының міндетін атқарушы Қанат Айтбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру