БҚО полицейлері су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесіп жатыр
БҚО-да полиция қызметкерлері көктемгі су тасқынынан зардап шеккен аудан тұрғындарына көмектесіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Орал қаласында және БҚО-ның 4 ауданында көктемгі су тасқынына байланысты жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Облыстың бірқатар өңірінде қардың қарқынды еруінен және бірнеше күн жауған жауын-шашын салдарынан елді мекендерде су тасқыны орын алды.
Осыған орай ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Батыс Қазақстан облысына іссапармен келді. Роман Скляр БҚО әкімі Нариман Төреғалиевпен бірге су тасқыны болған аумақтарды тікұшақпен аралап, жағдайды өз көзімен көрді.
Қазіргі уақытта облыстың Теректі, Сырым, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында, сондай-ақ Орал қаласында тасқынға байланысты табиғи сипатта төтенше жағдай жарияланған. Су басқан аумақтар көп мөлшердегі жауын-шашынның салдарынан ұлғая түскен.
Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жүзеге асырылып жатыр, 1065 адам эвакуацияланды.
Аудандарда полиция қызметкерлері тарапынан эвакуацияланған елдімекендердегі азаматтардың мүлкін қорғау үшін тәуліктік кезекшіліктер орнатып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары атқарылып жатыр.
Сондай-ақ Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарының полиция қызметкерлері қайырымдылық көмек көрсетіп, су тасқынан зардап көрген отбасыларды азық-түлікпен, қажетті керек-жарақтарымен қамтамасыз етіп жатыр.
Жергілікті әкімдіктер, полиция және төтенше жағдайлар органдары су басқан нысандарды сорып алу және адамдарды құтқару бойынша жан-жақты шара қолданды.
Қазір облыста 17 елдімекенге баратын жолды су басты, оның ішінде 3 облыстық және 16 жергілікті маңызды автожолдар бар. Салдарынан жол қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, БҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен стационарлық бекеттер орнатылды.
Жалпы су тасқынынан қорғау жұмыстарына 88 полиция қызметкері мен 40 қызметтік техника жұмылдырылды.Сондай-ақ ол Маңғыстау облысының және ТЖД әскери бөлімдерінің күштері тартылды. Қосымша ҰҚК Шекара қызметінің «МИ-8» екі тікұшағы жұмылдырылды.
Аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар департамент басшылығының тікелей бақылауында.