Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО полицейлеріне жаңа 96 көліктің кілті табысталды

БҚО полицейлеріне жаңа 96 көліктің кілті табысталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

БҚО әкімі Нариман Төреғалиев өзінің құттықтау сөзінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтудың маңыздылығын атап өтті. 

– ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында біз күндіз-түні өздерінің қиын қызметтерін атқаратын полицейлерге, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде және азаматтардың тыныштығын қорғау үшін жаңа автокөліктердің кілттерін табыстаймыз. Биылғы жылы полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін облыстық бюджеттен 5,7 млрд теңге, оның ішінде 2,1 млрд теңге жаңа автокөліктер сатып алуға бөлінді. Қоғамдық тәртіп бойынша құқық бұзушылықтар санының төмендегенін атап өткен жөн, бірақ жол-көлік оқиғалары санының өсуі алаңдаушылық туғызады. Жаңа патрульдік машиналармен жабдықтау жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, апаттардың алдын алу және олардың салдарын азайту үшін маңызды. Жаңа көлік полицейлерге жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өз міндеттерін сапалы орындауға мүмкіндік береді, – деді БҚО әкімі Н.Төреғалиев.

Полицейлердің қарамағына жоғары қозғалғыштығы мен маневрлігі бар қуатты квадроциклдер, сондай-ақ ең жаңа “Кибер Шериф” жүйесімен жабдықталған Kia Cerato көліктері берілді. Бұл жабдық көлік ағынында жүре отырып, жылдамдық режимін бақылауға, полиция үшін жедел қызығушылық тудыратын көлік құралдарын, басқару құқығынан айырылған жүргізушілерді, сондай-ақ техникалық байқаусыз және сақтандыру полисінсіз көлік құралын басқарған жүргізушілерді анықтауға мүмкіндік береді.  

БҚО полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев материалдық-техникалық базаны жақсарту полицейлерге құқық бұзушыларды жедел анықтауға және апаттардың алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. 

– Бүгін патрульдік полицияның автопаркі 96 көлікке толықты. Бұл жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға ықпал ететіні сөзсіз. Бүгіннен бастап үш жаңа “Кибер-шериф” автокөлігі патрульдеуге шығады, келесі жылы осындай 17 автокөлікті сатып алу жоспарда. Жаңа жабдық құқық бұзушыларды жедел анықтауға және шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Айта кетейік, биылғы жылдың басынан бері 1 млрд теңгеден астам айыппұлдар салынып, бюджетке 1 млрд теңге өндірілді. Оның ішінде Ақсай қаласында орнатылған жаңа бейнекамералардың көмегімен 23 қарашадан бастап 1700-ге жуық түрлі құқық бұзушылық анықталып, 43 млн теңгеден астам айыппұл салынды, – деді Арман Оразалиев.

Сөз соңында ол барлық қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен тағы да құттықтап, жеке құрамға қызметте табыс тіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру