БҚО тәртіп сақшылары жоғалған 280 бас қойды иесіне тауып берді
БҚО тәртіп сақшылары жоғалған 280 бас қойды иесіне тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың маусым айының 22-нен 23-не қараған түні БҚО Казталов ауданының «Қоңырсай» қыстағының тұрғыны Қ-ға тиесілі 280 бас қой қараусыз қалып, белгісіз жағдайда жоғалып кеткен.
Аталған факті бойынша ер адамнан 23 маусым күні таңертеңгі сағат 07:00-де Казталов ауданының полиция бөлімінің кезекші бөліміне хабарлама келіп түсті.
Хабарламаға сәйкес Казталов ауданының полиция бөлімінің бастығы Әзілхан Қайырханов жедел-іздестіру шарасын ұйымдастырып, жоғалған қой малын іздеп табу үшін полиция қызметкерлерінен төрт топ құрылып, бірге іздестіруге шықты.
Белгісіз жағдайда жоғалып кеткен 280 бас қойды полиция қызметкерлері сағат 12:00 шамасында дала жайылысынан анықтап, түгелдей қойдың иесіне айдап әкеліп берді. Жоғалған қойдың иесі Қ. өзінің мұндай жағдайға тап болып, полиция қызметкерлерінен қол ұшын сұрап, олардың дер кезінде қойының іздеп табылуына жәрдемдескен сақшыларға алғысын білдірді.
– Көп жағдайда бағылмайтын мал ұрланады. Мұндай жағдай қыста да орын алып жатады. Малды қараусыз қалдыруға болмайды. Қауіпсіздік шараларының сақталмауына байланысты ұрылар қораларға түсіп жатады. Сондықтан адамдарға сақтық шараларын күшейтіп, ірі шарауашылықтар сигнализация орнатулары тиіс, – деп атап өтті Казталов АПб бастығы Әзілхан Қайырханов.