«Браконьер»: Түркістан облысында 2 экологиялық қылмыс пен 140 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды
Түркістан облысында «Браконьер» іс-шарасы барысында екі экологиялық қылмыс пен 140 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы аумағында браконьерлікті, биологиялық ресурс обьектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымын анықтауға және жолын кесуге бағытталған «Браконьер» өңірлік жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Ұйымдастырылған іс-шараға Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты барлық қала-аудандық полиция бөлім, басқармаларының табиғатты қорғау инспекторлары атсалысуда.
Жалпы іс-шараның 19 тәулігінде полицейлер, екі экологиялық қылмыс пен 140 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Атап айтсақ, балық ресурстарын және басқа да су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз алу бойынша екі қылмыс тіркелген. Мысалы, Созақ аудандық ПБ-ның табиғатты қорғау инспекторы полиция капитаны Жомарт Атабаев, Құмкент ауылына қарасты Ақжар көлінің маңайында күдік тудырған «Нива» маркалы автокөлікті байқаған. Тексеру кезінде автокөліктің жүк салғышынан заңсыз ауланған балықтар табылды. Аталған жайт ҚК 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау) бойынша тіркелді. Анықталған үш күдікті азамат Сайрам ауданының тұрғындары болып шықты. Олардан 42 келі сазан балығы мен 200 метр балық аулауға арналған тор тәркіленіп алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Сонымен қатар, анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша табиғатқа зиян әкелген тұрғындарға 1,5 миллионнан астам айыппұл салынған. Түркістан облысында «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында, ІІО-да тіркелмеген бес дана аңшы мылтығы, бір дана электромотор, заңсыз ауланған 45 келі балық, 200 метрден астам қытай ау-торы, бір дана жүзу құралы айғақты зат ретінде алынды. Екі автокөлік айыптұраққа қойылды.
Тәртіп сақшылары тұрғындарға ескертеді: табиғатты қорғау заңнамаларын бұзбаңыз, бұзған жағдайда қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тартыласыз. Заңсыз аң аулау, балық аулау, ағаш кесу, объектілер мен биологиялық ресурстар өнімдерінің заңсыз айналымы саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жазасыз қалмайды.