Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Браконьерлерден 425 келі ысталған балық тәркіленіп алынды

Түркістан облысы ПД тергеушілері браконьерлердің қылмыстық тобына қатысты 20 томдық істі сотқа жолдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тергеуші мамандығы – шынайылық пен төзімділікті, сауаттылықты талап ететін жауапты іс. Бұл мамандықтың иелері қылмыскерлерді құрықтап қана қоймай, бұлтартпайтын дәлелдер арқылы Қылмыстық Кодекстің баптарына сәйкес істі жан-жақты зерттейді. Бұл мақалада осындай адалдықтың ақ жолынан айнымауды өмірлік серік еткен, жаны нәзік әйел заты болса да талай қиын істердің ара-жігін ажырата білген Түркістан облысы ПД Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Алтынай Жолымбекованың нәтижелі бір ісін сөзге тиек етпекпіз.

Полицей Алтынай Жолымбекова қым-қуыт оқиғаға өрілген Шардара су қоймасындағы браконьерлердің қылмыстық тобына қатысты істің ашылуы жайында төмендегідей мәлімет берді:

– Өздеріңізге белгілі 2020 жылдың маусым айында елді дүрліктірген қылмыс орын алған еді. Полицияға Шардара су қоймасы аумағында белгісіз адамдар заңсыз балық аулаумен айналысатыны туралы арыз түскен. Аталған дерек ҚР ҚК 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру) бойынша СДТБТ-де тіркелді. Браконьерлерді ұстау үшін Түркістан облысының ПД арнайы жедел-тергеу тобын құрды. Екі айдың ішінде дерлік жедел уәкілдер дәлелдемелер жинады, қылмыстық кәсіпке қатысқан барлық қатысушылардың байланысын зерттеді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 10 адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады. Олардың барлығы Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары. Арасында бір ерлі-зайыптылар бар. Күдіктілерден заттай дәлел ретінде балық аулау құралдары, 13 қайық, 389 патрон, бір жарым тоннадан астам жаңа ауланған балық және 425 кг ысталған балық тәркіленіп алынды. Келтірілген материалдық шығын сегіз миллион теңгеден асты.

Осы істің ақиқатына көз жеткізу үшін мен, өзіме тапсырылған жауапты қылмыстық іске жүйелі талдау жасап, жедел тергеу ісін бастадым. Бізге дәлелдемелер базасын мұқият жинап, бірнеше сараптама мен тергеу шараларын жүргізуге тура келді. Негізінде күдіктілердің көпшілігі өздері істеген қылмыстарын мойнына алмайды. Жасаған қылмысты мойындату үшін нақты айғақтар мен дәлелдер тауып, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарымен тергеп, әрбір істі терең әрі тиянақты зерттегенде ғана, істің соңғы нүктесі қойылады. Осындай тындырымды тірліктің арқасында браконьерлікке күдіктілердің кінәсін толығымен дәлелдедік. Қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеу материалдары 20 томнан асты. Браконьерлердің қылмыстық топ екені анықталды. Онда барлық рөлдер нақты бөлінген: біреулері балықты заңсыз аулаған, содан кейін оны сатып алушыларға сатқан, келесілері алынған балық өнімдерін Шымкент қаласының базарларында саудаға шығарған. Бұл қылмыстық іс ашылу үшін үш ай көлемінде тергелді. Ұсталған 10 күдіктінің бесеуі кепілмен босатылған, қалғаны «қолхатта». Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жұмыстары аяқталды және қылмыстық іс айыптау актісімен заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. Бүгінде сотта қаралуда. Өз басым маған жүктелген әрбір іске жауапкершілікпен қарап, нәтижелі аяқтауға барымды саламын, – деп атап өтті аға тергеуші А. Жолымбекова.

Жалпы, осы тұста қылмыскерлердің жасаған қылмысының ақ-қарасын ажыратып, кінәлілерді анықтап, қоғам тыныштығын күзету жолында қызмет ететін тергеушілердің еңбектері ерен деп айтсақ артық болмас.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру