Бүгінгі күннің батырлары. Бір жылда үш рет ерлік жасаған патруль жайлы
Күні кеше ғана елорданың Сарыарқа даңғылы бойындағы көпірден секіріп кеткен ер адамды құтқарған полиция қызметкерлерінің ерлігі туралы БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желілердің белсенді қолданушылары жарыса жазған болатын. Жалпы оқиғаның мән-жайы мен тәртіп сақшыларының осындай жағдайларға қаншалықты дайын екенін Polisia.kz сайтының тілшісі сұрап білді.
Отбасындағы қиындықтарға шыдамаған 51 жастағы ер адам мұзды суға секірген. Өмірден түңілген тұрғынды өзеннен Астана қаласы ПД патрульдік полиция полкінің взвод командирі Самат Сәбит алып шыққан. Азаматты аман алып қалу үшін ол да таңғы суыққа қарамастан суға түскен.
– Таңғы сағат 05:30 шамасында 102-ге бір кісінің көпірден секіріп кеткені туралы хабарлама түсті. Жақын арадағы автопатруль жіберілді. Біз келген кезде ер адам судың бетінде көрінген жоқ. Қасымдағы әріптесімді көпірдің үстіне жібердім. Ол ер кісіге құтқару шеңберін лақтырды. Мен төменде тұрдым. Ер адам бір батып, судан басы көрінгенде киімімді шешіп, соған қарай жүзіп бардым. Құтқарып, судың жағасына шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырдық, – деді ол.
Самат Сәбиттің айтуынша, құтқарылған кісінің денсаулығына қазіргі таңда ешқандай қауіп жоқ.
– Ішкі істер органдарында 2011 жылдан бастап қызмет етіп келемін. Сол кезден бері әртүрлі жәйттер кездесті. Қандай жағдай болмасын, біз әрдайым халыққа қызмет етуге дайынбыз, – деді взвод командирі.
қызметкерлермен сұхбат
Оқиғаны жоғарыдан бағдарлап, құтқару шеңберін тастап үлгерген патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Сәкен Тасқын полицейлердің мұндай сәттерге үнемі сақадай сай жүретінін жеткізді.
– Кез келген автопатруль қажетті жабдықтармен қамтылады. Біз патрульдік полиция болғандықтан, оқиға орнына бірінші болып баратындықтан қажетті заттардың болуы маңызды. Оның ішінде аса маңызға ие құтқару кеудешесі, арқан, құтқару шеңбері және өрт сөндіруге арналған арнайы жабдықтар. Көп жағдайлар адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететіндіктен де бұл дүниелердің барлығы бізде болуы керек. Кешкі немесе таңертеңгі таратылымда қызметке кірісер кезде мұның барлығы тексеріледі. Адамды құтқаруға жарай ма, жоқ па, жағдайы қандай, бәрі де қарастырылады, – деді Сәкен Тасқын.
Оның сөзінше, қызметкерлер толықтай қажетті құралдармен қамтылған және іске кіріспес бұрын өздерін психологиялық тұрғыдан дайындап отырады.
– Осы салада жұмыс істеп жатқаныма биыл бесінші жыл. Патрульдік полициядан бастадым. Күнде әртүрлі жағдай болады: біреуді тонап кетуі мүмкін, біреуді ұрып кетуі мүмкін, тағы да басқа жәйттер орын алуы мүмкін. Оның барлығына дайын болуымыз керек, – деп атап өтті инспектор.
Кейіпкеріміздің бұл бірінші ерлігі емес. Ол әріптесі Ринат Мұхамеджановпен бірге қыркүйек айының басында (4 қыркүйек) тұрғын үйлердің бірінің 4-ші қабатындағы пәтер терезесіне шығып тұрған баланы аман алып қалған болатын.
– 102 арнасына 4-ші қабат терезесінде балалардың тұрғаны туралы ақпарат түсті. Шақыртуға тез арада жетіп, терезе алдында екі бүлдіршіннің тұрғанын көрдік. Құтқарушыларды күтпей, жылдам әрекет етуге кірістік. 5-ші қабаттағы көршілерге барып, жағдайды түсіндіріп, алдын ала көліктен тросты алып, төменгі қабатқа терезе арқылы түстім. Әріптесім тросты ұстап, маған қолдау көрсетіп тұрды, – деді оқиғаны есіне алған Астана қаласы ПД патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Ринат Мұхамеджанов.
Пәтерде 1 жастан асқан бүлдіршін мен 3 жасар бала жалғыз болған. Қайғылы жағдайдың алдын алған полицейлер оларды ата-анасына табыстап, кейін оқиға орнына сол аймаққа жауапты учаскелік инспекторды шақырған.
Ал жазда, нақтырақ айтсақ, өздерінің кәсіби мерекелері – 23 маусым күні дәл осы патруль 86 жастағы қала тұрғынына көмектескен. Жедел жәрдем қызметкерлерін кіргізу үшін пәтер есігін ашуға мұршасы болмаған кейуананы сақшылар құтқарып қалды. Сол кезде де осылай жоғарғы қабаттан төменге түсіп, пәтерге терезе арқылы кірген.
Айта кету керек, жоғарыда аталған оқиғалардың барлығы да полицейлердің бейнетіркегішіне түсіп қалған.
– Бойыңды үрей билейтін кездер болады. Бірақ қайткенде де бұл біздің жұмысымыз. Хабарламаларға дереу ден қою – міндетіміз. Әріптесім екеуміздің шақыртуларға бірге шығып жүргенімізге біраз болды. Бір-бірімізге деген сенім қорқынышты жеңуге көмектеседі, – деді полицей.
Бұл бүгінгі күннің батырлары. Сертіне берік, антына адал тәртіп сақшыларының әрбір қызметтік күнінде осындай жағдайлар кездесуі әбден мүмкін. Олардың жанқиярлығы мен батылдығы көпшілікке үлгі болары сөзсіз.