Былтыр Алматыда автотұрақ ережесін бұзған 29 мың жүргізуші жауапқа тартылды
Былтыр Алматыда автотұрақ ережесін бұзған 29 мың жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл жергілікті полиция қызметі ұсынған өткен жылдың қорытындысы. Бөлімшенің мәліметінше, былтыр автотұрақ ережесін бұзған 29014 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 5 мың 810 көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.
Қалада жол-көлік оқиғаларын азайту және жол қозғалысы қауіпсіздігін алдын алу мақсатында тұрақты түрде көлік құралдарын қою ережелерін бұзу деректерін анықтауға бағытталған рейдтер мен профилактикалық іс-шаралар өткізіліп жатыр.
Алматы сияқты үлкен қала үшін бұл өте өзекті мәселе. Бүгінде Алматыда шаһар жолдарында қала сыртынан келетін көліктерді қосқанда 1,5 миллионнан астам көлік жүреді. Осы жылдың басынан бері көлік құралдарын қою ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабы бойынша 2182 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерінің талаптарын қатаң сақтауға шақырды.