Даярлық сабағы өткізілді
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД қарасты ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеуші сотталғандарды бостандыққа шығуға дайындау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сотталғандарды босатуға дайындық жұмысы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2014 жылғы 13 тамыздағы №508 бұйрығымен бекітілген нұсқаулық талаптарына сәйкес жазасын өтеуші мекемеге келген бірінші күннен бастап жүзеге асырылады. Бұл шараларды мекеме әкімшілігі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып атқарады.
Сотталған азаматты бостандықтағы өмірге дайындау – олардың әлеуметтік байланыстарын (отбасымен) қалыптастыру, жұмысқа орналасу мәселелерін шешу, әлеуметтік ортадағы мінез-құлық дағдыларын қайта қалпына келтіру, психологиялық және медициналық көмек көрсету, бостандыққа шыққанда тұратын мекенжаймен қамтамасыз ету болып табылады.
Осы мақсатта мекемеде пенитенциарлық есепте тұрған сотталған және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың шартты мерзімі жеткен сотталған азаматтарға мекемеден босатуға арналған даярлық сабағы өтті. Сабаққа Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту орталығының өкілі және қалалық пробация қызметінің қызметкерлері қатысты.
Сабақ барысында жазасын өтеуші азаматтарға жазасын өтегеннен кейін босатылған адамдардың бостандыққа шыққаннан кейінгі құқықтары мен міндеттері, ішкі істер органдарына, пробация қызметіне профилактикалық тіркелу, қазіргі еңбек нарығындағы жағдайларға бейімделу және Қазақстан Республикасының «Халықты еңбекпен қамту туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік өкілеттік органдардың делдалдығы арқылы азаматтардың жұмыссыздықтан қорғалуына, жұмыс таңдауына және жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге кепілдік беретіндігі, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектер туралы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының негізгі міндеттері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
ҚАЖД мекемелерінде жазасын өтеп жүрген сотталғандарды қоғамға лайық азамат ретінде бостандыққа дайындау олардың бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірге бейімделуіне жағымды әсер етеді.