Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Демалыс күндері Петропавл полицейлері жоғалған үш кәмелетке толмағанды іздеп тапты

Демалыс күндері Петропавл полицейлері жоғалған үш кәмелетке толмағанды іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Демалыс күндері Петропавл қалалық Полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімі қызметкерлерінің жұмысы қыза түсті. Сенбі күні полицияға жоғалған бірнеше кәмелетке толмаған туралы хабарламалар келіп түсті.

«102» арнасына Жамбыл көшесіндегі бір үйдің тұрғыны 9 жастағы жиені шамамен кешкі сағат 19:00-де серуендеуге шығып кетіп келмегені туралы жүгінген. Бала Қарағанды облысынан келген екен, сондықтан Петропавл көшелерін дұрыс білмеген. Баланы іздеуге ювеналдық полицияның барлық жеке құрамы тартылды. Ерекше белгілері мен мәліметтері барлық патрульдер мен бекеттерге берілді. Баланың суретімен бағдар қағаз әлеуметтік желілерде жарияланып, танымал қала пабликтерінің әкімгерлері іздеуге атсалысу туралы жазбаларын жариялады.

Нәтижесінде шамамен сағат 22:00-де Петропавл қалалық патрульдік полиция батальоны ротасының командирі Сайран Сағдиев іздеудегі баланы Қазақстан Конституциясы – Парковая қиылыстарының көшесінде анықтаған. Сондай-ақ, жақын маңда №391 модульдік бекеттің полицейі Асылбек Жүсіпов болған. Полицейлер баланы үйіне жеткізді, туыстары баланы қуаныш жасын жасырмай қарсы алды. Балақай төбешіктен сырғанауға барып, үйге қайтатын жолды ұмытып қалған екен.

Дәл сол күні кешке қалалық полицияға тағы да бір үрейлі қоңырау келіп түсті. Жұмысшы кентінің Добролюбов көшесінде тұратын 13 және 11 жастағы екі ағайынды белгісіз бағытта кетіп қалған. Ювеналдық полицейлерден бөлек, іздеуге учаскелік полиция инспекторлары мен криминалдық полиция қызметкерлері тартылды. Нәтижесінде балалар келесі күні таңертең табылды. Олар Жұмысшы кентінің шетінде тұратын таныс күзетші атаның үйіне түнеуге барғаны белгілі болды. Кешкі астарын ішіп, күзетші бөлмесінде түнеген балалар үйлеріне бет алады, осы кезде оларды полицейлер анықтаған.

Қаңтар айының басынан Петропавл қалалық Полиция басқармасына кәмелетке толмағандардың жоғалғаны туралы 9 хабарлама келіп түсті. Олардың барлығы табылды. Осындай фактілер орын алған жағдайда, полицейлер шұғыл 102 нөміріне хабарласуға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру